Түркістанға 19 миллиард теңге: «Бәйтерек» пен «ҚазАгроҚаржы» шаруаларға қандай жеңілдіктер ұсынды?

Түркістан облысында ауыл шаруашылығы саласын дамыту, техникалық жарақтандыру және көктемгі егіс науқанын қаржыландыру мәселелеріне арналған алқалы жиын өтті. Кездесуге «Бәйтерек» ҰИХ» АҚ басқарушы директоры Нияз Көшкімбаев және «ҚазАгроҚаржы» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Еркебұлан Жумжаев қатысты, деп хабарлайды turkistanlife.kz.
Түркістан облысы — Қазақстанның аграрлық секторындағы жетекші өңір. Еліміздегі ауыл шаруашылығы өнімінің 13%-ы осы облыстың еншісінде. Жыл сайын өңірде 1,2 трлн теңгеден астам өнім өндіріледі. Егіс алқаптарының кеңеюі, жылыжайлар мен мал шаруашылығының дамуы Түркістанды елдің азық-түлік қауіпсіздігінің кепіліне айналдырып отыр.

«Бәйтерек» холдингі: 1 триллион теңге және 5 пайыздық несие
«Бәйтерек» Ұлттық инвестициялық холдингінің басқарушы директоры Нияз Көшкімбаевтың айтуынша, холдинг тарапынан шаруаларға берілген несие көлемі 1 трлн 118 млрд теңгеге жеткен.
«Берілген несиенің тең жартысы көктемгі дала жұмыстарына бағытталды. Ең бастысы, барлық бағдарламалар 5 пайыздық несиемен берілді. Биыл да осы мақсатқа 1 триллион теңге бөлуді жоспарлап отырмыз», — деді Нияз Көшкімбаев.
«ҚазАгроҚаржы»: Түркістанға биыл 19 миллиард теңге бөлінеді
«ҚазАгроҚаржы» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Еркебұлан Жумжаев өңір экономикасына 2000 жылдан бері 103 млрд теңге инвестиция салынғанын атап өтті. Оның ішінде 74 млрд теңгеге 6 800-ден астам техника лизингке берілген.
«2026 жылға арналған жоспарлар ауқымды. Облысқа 19 млрд теңге қаржы бөлінеді. Қазірдің өзінде 7,1 млрд теңгеге өтінім қабылдадық. Қаражаттың басым бөлігі көктемгі егіс жұмыстарына жұмсалады», — дейді Еркебұлан Жумжаев.

Фермерлерге қолжетімді болу үшін компания бірнеше бағытта жеңілдетілген бағдарламаларды ұсынды:
— «Жеңілдетілген лизинг»: Сыйақы мөлшерлемесі – 5-6%, мерзімі – 7 жылға дейін, авансы – 0%-дан басталады.
— «Қазақстанда жасалған»: Отандық техника үшін 6%-дық мөлшерлемемен 10 жылға дейін беріледі.
— «Өз жем-шөбіміз»: Жем-шөп дайындау техникасына 6%-бен 10 жылға дейінгі мерзім қарастырылған.
— «Агролизинг»: Компанияның өз қаражаты есебінен 12,6%-бен берілетін, субсидияланбайтын техникаларды да қамтитын кең ауқымды бағдарлама.
Өңір су тапшылығымен қалай күреседі?
Өңірдің басты басымдығы — су үнемдеу технологияларын енгізу «ҚазАгроҚаржы» жуырда жаңбырлатып суару машиналарын лизингке берудің жаңа тетіктерін іске қоспақ. Бұл мобильді суару жүйелерін кешенді қаржыландыруға мүмкіндік береді.
«Сіздердің еңбектеріңіз еліміздің азық-түлік қауіпсіздігінің негізі. Біз Түркістан облысының фермерлеріне қолдау көрсетуді әрі қарай да жалғастыра береміз», — деп түйіндеді Еркебұлан Жумжаев.

Кездесудің ресми бөлімі аяқталған соң, Түркістанның әр ауданынан келген диқандар өздерін толғандырған өзекті мәселелерін ашық айтты. Жиынның бұл бөлімі есеп беруден гөрі, нағыз мәселенің шешімін іздеуге ұласты.



