Басты жаңалықтар

Түркістан испан стандартымен су ішуі мүмкін

Түркістан облысындағы ескірген су жүйелері еуропалық стандартпен жаңартылуы мүмкін. Облыс әкімі Нұралхан Көшеров әлемнің 18 елінде су ресурстарын басқарып отырған испаниялық «Aqualia» компаниясымен келіссөз жүргізді. Егер жоба сәтті іске асса, өңірдегі ауыз су тапшылығы мен сапасыз инфрақұрылым мәселесін шешуге халықаралық инвесторлар тартылмақ, деп хабарлайды turkistanlife.kz

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров инвесторларға өңірдің инвестициялық әлеуетін таныстырып, су инфрақұрылымын заманауи технологиялар арқылы басқарудың маңыздылығын атап өтті. Оның айтуынша, қарқынды дамып келе жатқан өңірде жаңа зауыттар мен кәсіпорындар ашылып жатқандықтан, халықаралық тәжірибеге сүйенген сенімді су жүйесі қажет.

– Түркістан – қарқынды дамып келе жатқан өңір. Облыста инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға қолайлы жағдай жасалған. Өңірде кәсіпорындар, жаңа зауыттар ашылуда. Тұрғындардың өмір сапасын жақсартуға бағытталған жобаларды талқылауға, әріптестік орнатуға дайынбыз, – деді Нұралхан Көшеров.

«Aqualia» компаниясының Орталық Азия бойынша бас директоры Хосе Мигель Сантос Гонсалес су инфрақұрылымын жаңғырту бойынша өз жобаларын таныстырып, өңірмен серіктес болуға дайын екенін жеткізді. Кездесу қорытындысы бойынша тараптар ауыз су жүйелерін жаңартудың нақты жоспарын әзірлеп, инвестициялық бағыттарды дамытуға келісті.

Айта кетейік, былтыр Түркістан облысы су тапшылығын сезінді. Өткен жылғы құрғақшылық өңірдегі су шаруашылығының ескіргенін және жүйені түбегейлі жаңарту қажеттігін анық көрсетті. Алайда, әлемнің 18 елінде тәжірибесі бар испаниялық «Aqualia» компаниясының келуі Түркістанның су мәселесін түбегейлі шеше ме? Халықаралық алпауыттың технологиясы жергілікті мәселелерді шешуде қаншалықты тиімді боларын уақыт көрсетеді. Әзірге бұл кездесу қордаланған мәселені шешуге бағытталған алғашқы талпыныс қана.

Басқа жаңалықтар

Back to top button