Бір жылда екі есе өсім: Түркістан туризмінде қандай өзгеріс болды?

2025 жылдың алдын ала қорытындысы бойынша Түркістан облысы 500 мыңнан астам турист қабылдады. Бұл көрсеткіш 2024 жылмен салыстырғанда 15,9 пайызға артқан. Соңғы екі жылдағы динамика өңірде тұрақты өсім бар екенін көрсетеді, деп хабарлайды turkistanlife.kz

E-qonaq жүйесінің дерегіне сәйкес, 48 400 шетелдік турист тіркелген. Бұл – бір жыл ішінде екі еселік өсім. Шетелдік қонақтардың басым бөлігі Өзбекстан, Түркия, Ресей, Қытай және Қырғызстан елдерінен келген.
Өңірдегі туризмді дамыту мәселелері облыс әкімі Нұралхан Көшеров төрағалық еткен мәжілісте талқыланды. Аймақ басшысы халықаралық нарыққа шығу, іскерлік туризмді дамыту және сервистік сапаны арттыру бағытындағы жұмысты күшейтуді тапсырды. Сондай-ақ қазақ, ағылшын, орыс және қытай тілдерінде еркін қызмет көрсететін кәсіби гидтер даярлау қажеттігін атап өтті.

Жиында облыс әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов пен «Open Turkistan» туристік ақпараттық орталығы саланың нақты көрсеткіштері мен алдағы жоспарларын таныстырды.
Туризм саласына тартылған инвестиция көлемі 133 млрд теңгеге жетіп, 67,9 пайызға өсті. Орналастыру орындарының қызмет көрсету көлемі 8 млрд теңгені құрап, 24,5 пайыздық өсім көрсетті. Қазіргі таңда облыста 265 орналастыру орны жұмыс істейді. Сонымен қатар 11 туроператор, 45 турагенттік компания және 66 гид-экскурсия қызметкері туристерге қызмет көрсетуде.

Тарихи нысандарға келушілер саны 1 миллион адамға жетіп, 13 пайызға артты. Ал табиғи аумақтарға саяхаттаушылар саны 151,9 мың адамды құрап, 18,1 пайыздық өсім тіркелді.
Әуе қатынастары да кеңейіп келеді. Air Astana, SCAT Airlines, FlyArystan және Turkish Airlines компаниялары арқылы аптасына 147 рейс орындалады. Бұл туристік ағынның географиясын кеңейтуге мүмкіндік беруде. Халықаралық ілгерілету жұмыстары аясында Қытай, Түркия, Өзбекстан, Ресей, Әзербайжан, Моңғолия, араб елдері мен Еуропа нарығына шығу жоспарланған. «Amazing Turkistan» бренді арқылы шетел тілдеріндегі жобалар жүзеге асырылуда.

2025 жылы 113 шетелдік туркомпанияға, 23 тревел-блогерге және 11 шетелдік БАҚ өкіліне ақпараттық тур ұйымдастырылды. Сонымен қатар Қытайдың Hunan TV телеарнасымен бірлескен жоба аясында қазақстандық әнші Димаш Құдайберген қатысқан «Voice Beyond Horizon» бағдарламасы өңірде түсіріліп, халықаралық аудиторияға ұсынылды.
Сарапшылардың пікірінше, аталған көрсеткіштер Түркістан облысының ішкі және келу туризмі бойынша стратегиялық маңызы артып келе жатқанын көрсетеді.



