Кентауда 9 миллион теңгенің алтынын қолды қылған күдікті ұсталды

Кентаулық полицейлер бейнебақылау камераларының көмегімен зергерлік дүкеннен жасалған ірі көлемдегі ұрлықты әшкереледі, деп хабарлайды turkistanlife.kz

Кентау қалалық полиция бөліміне жергілікті тұрғын зергерлік шеберхана-дүкенінің тоналғаны туралы арызданған. Белгісіз қылмыскер дүкен есігін бұзып кіріп, 9 миллион теңгеге жуықтайтын алтын бұйымдарды жымқырып кеткен.

Тәртіп сақшылары бейнебақылау камераларының жазбаларын мұқият зерделеп, өзге де айғақтар арқылы күдіктінің ізіне түсті. Көп ұзамай жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде бұрын сотты болған жергілікті тұрғын ұсталды.
Тінту кезінде күдіктінің үйінен ұрланған ақшаның бір бөлігі мен заттай айғақтар табылды. Қазіргі таңда күдікті өз кінәсін мойындап, уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын анықтау мақсатында сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.



