
Түркістан. Қала әлі де оянып үлгермегенімен, Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің «Ботаникалық бақ» жылыжайында тіршілік әлдеқашан басталып кеткен. Есікті ашқан бойда бетіңізге ылғалды әрі жылы леп ұрады. Дәл осы жерде, сырттағы құбылмалы ауа райына қарамастан, көктемнің нағыз символы мыңдаған қызғалдақ қауызын ашып тұр.

Бұл жай ғана әдемі гүлдер емес. Бұл 2022-2024 жылдар аралығында Ғылым және жоғары білім министрлігінің гранттық қаржыландыруымен жүзеге асқан ауқымды ғылыми жобаның жемісі. Ғалымдар үш жыл бойы қызғалдақтың эксклюзивті түрлерін көбейтудің инновациялық технологиясын әзірледі. Алайда биылғы жылдың басты ерекшелігі мен жаңалығы басқада. Бұрын тек ғылыми топтың бақылауымен өсетін гүлдерді биыл алғаш рет қарапайым жұмысшы мамандар өз бетінше баптап шықты.

Біз жылыжайға кіргенде, әр гүлдің күтіміне аналық мейіріммен қарап жүрген Жұмақыз Дүйсенованы жолықтырдық. Ол 2013 жылдан бері осы институтта еңбек етіп келеді. Он жылдан астам тәжірибесі болса да, биылғы көктем ол үшін ерекше толқынысқа толы. Себебі, биыл ол алғаш рет ғалымдардың сүйемелдеуінсіз, үлкен жауапкершілікті өз мойнына алып, қызғалдақ егу жұмысына кіріскен.

«Ең бастысы тұқымында, сосын топырағында. Байқасаңыздар, біз үш түрлі топырақпен ектік. Ғалымдарымыз былтыр бізге қалай егу керектігін, күтімі қалай болатынын көрсетті. Биыл енді жауапкершілік жүктеліп, өзіміз өсіріп шықтық», – дейді Жұмақыз апай күлімсіреп.
Қызғалдақ — кірпияз емес, бірақ тым нәзік гүл. Оның өсуі үшін термометрдегі көрсеткіш 15 градустан аспауы да, төмендемеуі де керек. Жұмақыз апай күн сайын жұмысқа келе салысымен ең алдымен осы температураны бақылауға алады. Соның арқасында биыл 7 түрлі сұрыптан 7000 дана пиязшық отырғызылған. Басты құпиясы, технологияның тұрақтылығы мен ылғалдылықты сақтау.

«Қызғалдақтар алғаш қауызын ашқанда сондай қуандым. Адамға қуаныш сыйлайтын гүл ғой», – деп ағынан жарылды кейіпкеріміз.
Бұл қызғалдақтар жай ғана көрме жәдігері емес. Олар жыл сайын университет ардагерлеріне мерекелік сый ретінде табысталады. Сонымен қатар, ғылыми жобаның нәтижелерін коммерцияландыру, яғни отандық өнімді нарыққа шығару мүмкіндіктері де қарастырылуда.

Түркістандық ғалымдар мен Жұмақыз апай секілді еңбек адамдарының бірлескен жұмысы отандық гүл шаруашылығын жаңа деңгейге шығаруды көздейді. Ал әзірге, Ботаникалық бақтың ішінде 7000 «тірі жауһар» кезекті мерекенің сәнін келтіруге дайын тұр.
Ғалия Бисейіт



