Түркістандық журналистер мен блогерлер конституциялық реформаларды талқылады

Түркістандағы «Журналистер мен блогерлер» клубының отырысында Конституцияға енгізілетін өзгерістерге қолдау білдірілді. «Достық үйі» базасында өткен кездесуде медиа өкілдері жаңа саяси бағыттың басты басымдықтары мен қоғамдық пікірді қалыптастырудағы рөлі туралы пікір алмасты, деп хабарлайды turkistanlife.kz

Кездесуді Түркістан облысы ҚХА жанындағы «Журналистер мен блогерлер» клубының төрағасы Ерсұлтан Әмірбек жүргізді. Жиында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бастамашы болған жаңа Конституция бойынша республикалық референдумның маңызы, оның ел болашағы үшін стратегиялық рөлі және ақпараттық-насихаттық жұмыстарды күшейту мәселелері талқыланды.

Күн тәртібіне сәйкес «Жанубий Қозоғистон» облыстық қоғамдық-саяси газетінің редакторы, клуб мүшесі Райымжан Артықбайұлы Алибаев баяндама жасап, Жаңа Конституцияның Преамбуласы мен негізгі өзгерістерінің мәні мен маңызына кеңінен тоқталды. Ол референдум – азаматтардың ел дамуына тікелей қатысуына мүмкіндік беретін маңызды қадам екенін атап өтті.

Пікір алмасу барысында қатысушылар қоғам арасында түсіндіру жұмыстарын жандандыру, халықпен кездесулер өткізу, бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілер арқылы мазмұнды ақпарат тарату бойынша ұсыныстарын ортаға салды.
Жиынға Түркістан облыстық қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Эльмира Ұласбекқызы Жанғазиева қатысып, қорытынды сөз сөйледі. Ол қоғам бірлігі мен азаматтық белсенділіктің ел дамуындағы айрықша рөлін атап өтіп, референдум – әрбір азаматтың жеке ұстанымын білдіретін жауапты кезең екенін жеткізді.
Отырыс барысында ақпараттық салада Жаңа Конституцияны қолдау бағытындағы бірлескен жұмыстарды жүйелі түрде жалғастыру жөнінде ортақ келісімге келді.



