Түркістанда кезекті азық-түлік жәрмеңкесі өтті

Түркістан қаласында азық-түлік бағасын тұрақтандыру мақсатында кезекті жәрмеңке өтті. Жұма сайын өткізілетін бұл шара жергілікті фермерлер мен тұтынушылар арасындағы тікелей байланысты орнатып, халықты балғын әрі сапалы өніммен қамтамасыз етудің тиімді алаңына айналды, деп хабарлайды turkistanlife.kz

Өңір тұрғындарын әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларымен қолжетімді бағада қамтамасыз ету мақсатында өткен жәрмеңке облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы, «Түркістан» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ және Түркістан қаласы әкімдігінің ұйымдастыруымен қолға алынған.

Кезекті ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі Түркістан қаласындағы №22 Б.Момышұлы атындағы жалпы орта мектебінің автотұрағында ұйымдастырылды. Шарада қала тұрғындары мен қонақтарына кең көлемде отандық өнімдер ұсынылды. Жәрмеңкеге облыс аумағындағы аудандардан тікелей жеткізілген ауыл шаруашылығы өнімдері қойылып, тауарлар нарықтағы орташа бағадан 30-50 пайызға төмендетілген бағамен саудаланды.



