Түркістан: Халықтық коалиция мүшелері еңбек ұжымдарымен кездесті

Түркістанда жаңа Конституция жобасын түсіндіру мақсатында еңбек ұжымдарымен ашық диалог өтті, деп хабарлайды turkistanlife.kz

Жалпыұлттық коалиция мүшелері саяси реформалардың мән-жайын баяндап, жұмысшылардың сауалдарына жауап берді. Кездесуде қатысушылар елдегі демократиялық өзгерістерге бірауыздан қолдау білдірді.
Коалицияның өңірлік топ жетекшісі Түркістан қаласындағы «Aqjol» ЖШС-нің еңбек ұжымымен кездесуде Конституцияның мазмұнына тоқталып, мемлекеттік биіліктің бірден-бір бастауы және Егемендік иесі ретінде Қазақстан халқы танылатынын жеткізді. «- Конституцияда жер және оның қойнауы, су көздері, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі, бақа да табиғи ресурстар халыққа тиесілі деп көрсетілді. Адам құқықтарына басымдық беріліп, неке және отбасы, ана, әке мен бала мемлекет қорғауында болады. Сондай-ақ Қазақстан Республикасында барлық меншік түрі танылады, оларға кепілдік беріледі және тең қорғалады. Заң мен сот алдында бәрі тең деген қағидат бекітілген», — деді Қалыйма Жантөреқызы.

Кездесу барысында алдағы референдумның маңызы кеңінен түсіндіріліп, ел болашағы үшін әр азаматтың белсенді қатысуы аса маңызды екені атап өтілді. Жиын кезінде коалиция өкілдері референдум – халықтың өз таңдауын жасап, маңызды шешімдерге тікелей қатысуына мүмкіндік беретін демократиялық құрал екенін жеткізді. Коалиция мүшелері барша азаматтарды референдум күні дауыс беруге келіп, өз таңдауларын жасауға үндеді.

Осы мазмұндағы кездесулер Халықаралық туризм және меймандостық университетінің оқытушы-профессорлық құрамымен және «Талғат» клиниакасында медицина қызметкерлерімен өтті. Кездесулер барысында жаңартылған Ата заңда адами капиталға ерекше мән берілетіні, ал мәдениет пен тарихи мұра конституциялық қағидаттар деңгейінде бекітілгені атап өтілді.
«- Ата заңда білім, ғылым, мәдениет және инновация салаларына айрықша көңіл бөлінгенін білесіздер. Мемлекет өзінің қуатты болашағын қамтамасыз етуде білімді, бәсекеге қабілетті әрі зияткер ұлтқа арқа сүйейді. Жаңа Конституцияда адам капиталының сапасын арттыруға, білімнің қолжетімділігі мен сапасын қамтамасыз етуге, ғылым мен инновацияны дамытуға бағытталған нормалар айқындалған. Бұл – елдің тұрақты дамуы мен жаһандық бәсекеге қабілеттілігін арттырудың берік құқықтық негізі», — деді коалиция мүшесі Жанар Темірбекова.

Медицина қызметкерлерімен өткен кездесуде коалиция мүшесі Әлия Қасымбек денсаулық сақтау жүйесін дамыту, медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасын арттыру, сала мамандарының әлеуметтік қорғалуын күшейту мәселелеріне ерекше мән берді. Ол жаңа Конституцияда адам өмірі мен денсаулығы ең жоғары құндылық ретінде айқындалғанын атап өтіп, бұл қағидат мемлекеттік саясаттың басым бағыты болып қала беретінін жеткізді.

«Жаңа Конституцияда адамның өмірі мен денсаулығы – мемлекеттің басты құндылығы ретінде бекітілген. Бұл – денсаулық сақтау саласын жүйелі жаңғыртуға, медициналық қызмет сапасын арттыруға және ақ халатты абзал жандардың еңбегін лайықты бағалауға берік құқықтық негіз. Әрбір азамат сапалы әрі қолжетімді медициналық көмек алуға тиіс. Бұл – Әділетті Қазақстанның негізгі ұстанымы», – Әлия Қасымбек.
Кездесу қорытындысында еңбек ұжымдары жаңа Конституция қоғам игілігіне бағытталғанын атап өтіп, конституциялық өзгерістерге қолдау білдірді. Азаматтар алдағы республикалық референдумға белсенді қатысып, ел болашағына қатысты өз таңдауларын жасайтындарын жеткізді.


