Түркістанда референдумға қолдау білдіру мақсатында коалициялық кездесу өтті

Түркістан облыстық «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасының алаңында алдағы референдумға байланысты маңызды коалициялық кездесу өтті, деп хабарлайды turkistanlife.kz

Жиынға қоғам белсенділері, ғалымдар мен зиялы қауым өкілдері қатысып, ел болашағына қатысты маңызды бастамаларды талқылады. Басқосуға коалиция мүшелері Ғаппар Амантайұлы, Жамила Сүлейменова, Салтанат Есетова, сондай-ақ Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің профессоры, заң ғылымдарының кандидаты Мұрат Ғұбайдұллин қатысты.

Жиын барысында сарапшылар мен қатысушылар өзекті мәселелерге тоқталды. Мысалы жаңа Конституциялық реформалардың ел дамуы мен саяси жүйені жаңғыртудағы рөлі. Қоғамдағы заң үстемдігін нығайту және азаматтардың саяси сауаттылығын арттыру. Әрбір қазақстандықтың маңызды мемлекеттік шешімдер қабылдау кезіндегі белсенділігі.
Профессор Мұрат Ғұбайдұллин өз сөзінде заң тұрғысынан енгізілетін өзгерістердің тереңдігіне тоқталып, реформалардың құқықтық мемлекет құру жолындағы маңыздылығын ғылыми тұрғыдан негіздеп берді.

Кездесу ашық форматта өтіп, қатысушылар өздерін мазалаған сұрақтарын қоюға мүмкіндік алды. Коалиция мүшелері референдумға қатысты халық арасында туындаған сауалдарға нақты әрі тұшымды жауаптар берді.
Айта кетейік, Түркістан облысында референдумның мән-маңызын түсіндіру бойынша насихаттық іс-шаралар жүйелі түрде жалғасып келеді.



