Басты жаңалықтар

Енді ХҚКО-ға барудың қажеті жоқ

Қазақстанда ХҚКО-ның дайын құжаттарын енді тәулік бойы постаматтар арқылы алуға болады, деп хабарлайды turkistanlife.kz

Елімізде мемлекеттік қызмет көрсету жүйесі жаңа форматқа көшіп, азаматтар үшін дайын құжаттарды алу процесі айтарлықтай жеңілдеді. «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының мәліметінше, енді ХҚКО-ға жұмыс уақытында келе алмайтын тұрғындар дайын құжаттарын тәулік бойы және демалыссыз жұмыс істейтін арнайы автоматтандырылған постаматтар арқылы ала алады. Бұл жаңашылдық халықтың уақытын үнемдеуге және мемлекеттік қызметтердің қолжетімділігін арттыруға бағытталған.

Постамат арқылы құжат алу тәртібі барынша оңтайландырылған. Қызмет алушы ХҚКО-да өтініш берген сәтте құжатты постамат арқылы алу тәсілін таңдап, келісім беруі тиіс. Құжат дайын болған кезде азаматтың ұялы телефонына жеке коды бар SMS-хабарлама жіберіледі. Содан кейін қызмет алушы өзіне ыңғайлы уақытта постаматқа барып, биометриялық сәйкестендіруден (бет-әлпетті тану) өтіп, кодты енгізу арқылы құжатын жеке ұяшықтан өз бетінше алады. Айта кететін жайт, дайын құжат ұяшықта үш күн ішінде алынуы тиіс, әйтпесе ол ХҚКО маманына қайтарылып, әдеттегі тәртіппен берілетін болады.

Қазіргі таңда бұл жоба еліміздің 10 өңірінде сәтті жүзеге асырылуда. Астана, Алматы, Шымкент, Тараз, Қарағанды, Қызылорда, Павлодар, Түркістан, Семей және Көкшетау қалаларында жалпы саны 14 постамат орнатылған. Бұл құрылғылар арқылы мемлекеттік қызметтердің 19 түрі, соның ішінде туу, некеге тұру және некені бұзу туралы қайталама куәліктерді, архивтік анықтамаларды, сондай-ақ білім туралы құжаттардың телнұсқаларын алуға болады. Мемлекеттік корпорацияның дерегінше, 2025 жылдың қорытындысы бойынша бұл қызметті Семей, Тараз және Түркістан қалаларының тұрғындары ең көп пайдаланған.
Жаңа қызметтің құны да қолжетімді деңгейде бекітілген. 2026 жылы постамат арқылы құжат беру қызметінің бағасы 518 теңгені құрайды. Мамандар бұл қызмет әсіресе жұмыс кестесі тығыз азаматтар үшін өте тиімді екенін атап өтуде.

Басқа жаңалықтар

Back to top button