Үкімет импортқа тәуелділікті қалай төмендетпек?

Қазақстан Үкіметі отандық өндірісті ынталандыру және ішкі нарықты қорғау мақсатында қаржылық қолдаудың жаңа тетіктерін іске қосады, деп хабарлайды turkistanlife.kz
Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің мәлімдеуінше, бұл мақсатқа жалпы көлемі 8 трлн теңге бағытталып, «Инвестицияға тапсырыс» құралы енгізілмек. Сондай-ақ, «Бәйтерек» холдингін 1 трлн теңгеге дейін капиталдандыру жоспарлануда.
Инфляциялық қысымды төмендетудің басты жолы — ішкі нарықтағы базалық тауарлардың тапшылығын жою. Серік Жұманғариннің айтуынша, қазіргі таңда Үкімет отандық өндірісті дамытудың нақты бағыттарын айқындап алған. Атап айтқанда, азық-түлік секторында 12 бағыт, ал азық-түлікке жатпайтын секторда 24 негізгі бағыт бойынша жұмыс жүргізілмек.
Ішкі нарықты отандық тауарлармен жүйелі түрде қамтамасыз ету үшін «Инвестицияға тапсырыс» бағдарламасы жүзеге асырылуда. Бүгінде инфляциялық қысымның негізгі себептерінің бірі – тұтыну және тұтыну емес сегменттерде отандық өндірістегі бірқатар базалық тауарлардың тапшылығы. Біздің мақсат – ішкі нарықты отандық өндіріс тауарларымен қамтамасыз ету және импортқа тәуелділікті төмендету. Экономикалық өсудің проактивті саясаты Мемлекет басшысы қойған стратегиялық міндеттердің орындалуын қамтамасыз ете отырып, экономиканы индустрияландыру мен әртараптандырудың негізгі құралына айналады — деді Серік Жұманғарин.
Үкіметтің бұл бастамалары импортқа тәуелділікті азайтып, отандық кәсіпорындардың әлеуетін толық пайдалануға бағытталған. Алдағы жеті жылда өнеркәсіпке құйылатын орасан зор инвестиция экономиканы әртараптандырудың негізгі драйверіне айналуы тиіс. Мемлекет тарапынан көрсетілетін мұндай жүйелі қолдау халық тұтынатын базалық тауарлардың қолжетімділігін қамтамасыз етуге жол ашпақ.



