Басты жаңалықтар

Түркістанда пәтер ұрлығы 53,8%-ға азайған

Түркістанда құқықбұзушылықтар саны едәуір кеміді. Өткен жылдың қорытындысы бойынша ұрлық деректері 113-тен 96-ға қысқарып, ауыр қылмыстардың басым бөлігі ізін суытпай ашылған, деп хабарлайды turkistanlife.kz

Сондай-ақ, пәтер ұрлығы 53,8 пайызға азайып отыр. Бұл жайында Түркістан қалалық Полиция басқармасының бастығы Жасұлан Нысанбаев шаһар тұрғындары алдындағы есеп беру кездесуінде айтты.

Сонымен қатар, қоғамдық орындарда жасалған қылмыстар өткен жылмен салыстырғанда 14,9 пайызға, көшелерде жасалған қылмыстар 6,1 пайызға азайған. Ал, отбасы-тұрмыстық қатынастар саласындағы құқықбұзушылықтар 22,5 пайызға төмендегенін жеткізді. Кездесуде қазіргі таңда өзекті мәселелердің бірі болып отырған интернет-алаяқтық қылмыстары да қозғалды. 2025 жылы Түркістан қаласында 204 тұрғын интернет-алаяқтардың әрекетінен зардап шеккен. Осыған байланысты полиция қызметкерлері интернет-алаяқтықтың алдын алу бағытында кешенді профилактикалық шараларды күшейтіп, тұрғындар арасында кең көлемді түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілер арқылы алдын алу сипатындағы бейнематериалдар тұрақты түрде таратылып келеді.

Жиын қорытындысында Полиция басқармасының бастығы Жасұлан Қаржаубайұлы қалада қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету, құқықбұзушылықтардың алдын алу және қылмыс деңгейін төмендету бағытында жүйелі жұмыстар жалғасатынын атап өтті. Сондай-ақ полиция қызметінің тұрғындарға әрдайым көмек көрсетуге дайын екендігін айтып, азаматтарды заң талаптарын сақтауға және күмәнді жағдайлар бойынша құқық қорғау органдарына дер кезінде хабар беруге шақырды.

Басқа жаңалықтар

Back to top button