Басты жаңалықтар

Майқайындағы қайғылы оқиға: Жаңа деректер белгілі болды

Павлодар облысы Майқайын кентіндегі көршілес екі үйден табылған екі адамның мәйітіне қатысты жаңа деректер жарияланды. Белгілі болғандай, марқұмдардың мәйітімен үйде кішкентай бала ұзақ уақыт бойы тұрып келген, деп хабарлайды turkistanlife Tengrinews.kz сілтеме жасап .

Оқиға туралы ақпарат 13 ақпан, жұма күні тарады. Майқайын кентінде бір ер адам мен бір әйелдің мәйіті табылды. Алдын ала болжам бойынша, олардың бірі осыдан екі жыл бұрын, ал екіншісі бірнеше ай бұрын көз жұмған болуы мүмкін.

Павлодар облыстық Полиция департаменті аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғады. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, мәйіттердің бірі қарт әйел тұратын үйден, ал екіншісі көрші үйден табылған. Болжам бойынша, қаза тапқандар зейнеткердің күйеуі мен қызы болуы мүмкін, алайда бұл ақпарат әзірге ресми түрде расталған жоқ.

Дәрігерлер отбасы мүшелерінің бірінің ұзақ уақыт бойы қабылдауға келмегеніне күмәнданып, үйіне іздеп барған. Алайда есікті ешкім ашпаған соң, құзырлы органдар іске кіріскен.

Павлодар облысы бойынша бала құқықтары жөніндегі уәкіл Сәуле Шәкеневаның мәлімдеуінше, үйлердің бірінде анасымен бірге кішкентай қыз бала тұрған.

«Қазіргі уақытта бала ауруханаға жатқызылды. Кейін ол ата-анасының қамқорлығысыз қалған бала ретінде Екібастұздағы балаларды қолдау орталығына жіберіледі. Табылған мәйіттердің бірі — қыздың анасы», — деді Шәкенева.

Уәкілдің сөзінше, туыстарының шешімімен бала балабақшаға бармаған. Оқу жылының басында қыз бала небәрі бес жаста болғандықтан, әлі мектеп табалдырығын аттамаған. «Қазіргі таңда медициналық тексеріс баланың дені сау екенін көрсетті, сырттай ешқандай ауытқулар байқалмайды. Онымен балалар психологі жұмыс істеп жатыр», — деп толықтырды Сәуле Шәкенева.

Майқайын тұрғындары бұл отбасының ешкіммен араласпайтынын, үйлеріне бөгде адамдарды кіргізбей, өте тұйық өмір сүргенін айтады. Қазіргі уақытта тергеу амалдары жалғасуда.

Басқа жаңалықтар

Back to top button