Миланда XXV қысқы Олимпиаданың ашылу салтанаты өтті

Италияның Милан және Кортина-д’Ампеццо қалаларында ресми түрде XXV қысқы Олимпиада ойындары басталды. Төртжылдықтың басты додасының ашылу салтанаты Миландағы «Сан-Сиро» стадионында өтті,деп хабарлайды turkistanlife.kz

Мемлекеттер шеруінде Қазақстанның көк байрағын шорт-трек шебері Денис Никиша мен фристайл-могул спортшысы Аяулым Әміренова көтеріп шықты.

Биылғы ашылу рәсімі бір мезетте төрт түрлі алаңда ұйымдастырылды. Денис Никиша Миландағы негізгі салтанатқа қатысса, Аяулым Әміренова шаңғы жарыстары өтетін Ливиньо қаласындағы рәсімде бой көрсетті.
Сондай-ақ Олимпиада алауы тарихта алғаш рет екі жерде қатар жағылды. Ол Миландағы салтанат қақпасында және Кортина-д’Ампеццодағы Piazza Dibona алаңында тұтанды. Ашылу рәсімі «Armonia» («Үйлесім») атауымен өтті.

Милан–Кортина Олимпиадасы 6–22 ақпан аралығында өтеді. Дүбірлі додаға әлемнің 90-нан астам елінен мыңдаған спортшы қатысып, қысқы спорттың түрлі түрлері бойынша жүлделерді сарапқа салады.
Бұл Олимпиадада Қазақстан құрамасы 36 спортшымен 10 спорт түрінен бақ сынайды. Ұлттық құраманың қатысуымен өтетін жарыстарды Qazaqstan, Qazsport, «Хабар» және Jibek Joly телеарналары тікелей эфирде көрсетеді.



