Басты жаңалықтар

Түркістанда таеквондодан жастар арасындағы ел чемпионаты басталды

«Olympic Center» спорт кешенінде таеквондодан (WT) жастар арасындағы Қазақстан Республикасының чемпионаты басталды. 15-17 жастағы жасөспірімдер бақ сынайтын дүбірлі доданың ашылу салтанатына Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев пен Қазақстан таеквондо федерациясының вице-президенті Айзат Қарашашев қатысып, спортшыларға сәттілік тіледі, деп хабарлайды turkistanlife.kz

Бұл ауқымды додаға еліміздің барлық өңірінен 700-ден астам жас спортшы жиналды. Мұнда іріктелген спортшылар 2026 жылы сәуірде Ташкентте өтетін әлем чемпионатына, қарашада өтетін жасөспірімдер Олимпиадасына жолдама алады.

Жиынның ашылуында сөз алған Ертай Кенжебекұлы өңірдегі спорттың даму қарқынына тоқталды. «Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, өңірімізде бұқаралық спортты дамытуға ерекше басымдық беріліп келеді. Бүгінде облыста 500-ге жуық спорт ұйымы жұмыс істейді, ал 90 мыңға жуық адам кәсіби түрде жаттығады. Таеквондо – өңір үшін басым бағыттардың бірі. Бұл чемпионат жастардың шеберлігін шыңдап қана қоймай, бойында отансүйгіштік қасиет қалыптастырады», – деді облыс әкімінің орынбасары.

Айта кетейік, киелі шаһардағы біріншілікте Түркістан облысының намысын 71 спортшы қорғап жатыр. 8 ақпанға дейін жалғасатын бәсеке қорытындысы бойынша ұлттық құрама жасақталады.

Жалпы, Түркістан облысы спорттан жоғары көрсеткіштерге ие. Өткен жылы өңір спортшылары түрлі деңгейдегі додаларда 1 668 медаль жеңіп алды. Ал спортпен тұрақты айналысатын тұрғындар саны 851 мың адамға жетіп, облыс халқының 42,8 пайызын құрап отыр.

Басқа жаңалықтар

Back to top button