Қасым-Жомарт Тоқаев Конституциялық комиссия мүшелерімен жұмыс кеңесін өткізді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Конституциялық комиссияның төрағасы Эльвира Әзімованы, Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қаринді және Президенттің құқықтық мәселелер жөніндегі көмекшісі Ержан Жиенбаевты қабылдады. Кездесу барысында жаңа Конституция жобасы бойынша атқарылған жұмыстардың есебі тыңдалды ,деп хабарлайды turkistanlife.kz
Эльвира Әзімованың баяндауынша, Ата Заң жобасын талқылауға халық белсенді қатысуда. Мәселен, eGov және e-Otinish порталдары арқылы жұртшылықтан 4 мыңнан астам ұсыныс түскен. Азаматтар мен қоғамдық ұйымдар жаңа жобаның бүгінгі талаптарға сай екенін атап өтіп, реформаға қолдау білдіруде.
Президент Конституциялық комиссия жұмысы ашық форматта жалғаса беруге тиіс екенін атап өтті. Бұл азаматтардың талқылау барысынан хабардар болып, жоба мазмұнымен егжей-тегжейлі танысуына мүмкіндік береді.
Қасым-Жомарт Тоқаев сарапшылар мен қоғам өкілдері жолдаған ұсыныстардың барлығын жіті талдауды және жобаның баптары мен тармақтарын редакциялау кезінде құқықтық дәлдіктің сақталуын тапсырды.
Комиссияның кезекті отырыстары ертең, 7 ақпанда және келесі аптада өтеді деп жоспарланған.


