Басты жаңалықтар

Түркістан облысында көгалдандыру жұмыстары қарқын алды

Түркістан облысында «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында елдімекендердің санитарлық жағдайын жақсарту бағытында кешенді шаралар жүзеге асырылуда. Өңірдің барлық аудандары мен қалаларында көгалдандыру, абаттандыру және тазалық жұмыстары жүйелі түрде жүргізіліп, өткен жылы 1 миллионнан астам көшет отырғызылды,деп хабарлайды turkistanlife.kz

Былтыр өңірде «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында 7 263 тазалық іс-шара жоспары бекітіліп, толық орындалды. Жыл басынан бері тазалық және абаттандыру жұмыстарына 6998 бірлік арнайы техника тартылып, 1 миллионнан астам тұрғын белсенді қатысты. Аталған шаралар аясында көшелер, қоғамдық орындар, аулалар мен саябақтарда тазалау, көгалдандыру және көшет отырғызу жұмыстары үздіксіз жүргізілді. Нәтижесінде 17 мың тонна тұрмыстық қалдық шығарылып, 1 миллионнан астам көшет отырғызылды. Бұл өңірдің экологиялық ахуалын жақсартуға және қолайлы өмір сүру ортасын қалыптастыруға оң әсерін тигізді.

Сонымен қатар облыс аумағында санитарлық тазалықты қамтамасыз ету және абаттандыру жұмыстарын тиімді жүргізу мақсатында 399 бірлік арнайы техника сатып алынды. Бұдан бөлек, тұрғындармен кері байланысты күшейту және мәселелерді жедел шешу үшін іске қосылған «TazaQazBot» ақпараттық жүйесіне 3 475 өтінім түсіп, олардың барлығы тиісті мерзімде толық орындалды.

Облыс тұрғындары үшін қолайлы өмір сүру ортасын қалыптастыру, елді мекендердің санитарлық жағдайын жақсарту мақсатында аудандық және қалалық деңгейде «Үлгілі ауыл» және «Таза аула» облыстық байқаулары ұйымдастырылды. Аталған байқауларға 2 қала мен 85 ауыл қатысып, елді мекендерді абаттандыру мен тазалықты сақтау бағытындағы үздік тәжірибелер іріктелді. Байқау қорытындысы бойынша Кентау қаласына қарасты Байылдыр ауылы бас жүлдені иеленді. І орын Сарыағаш ауданындағы Қызылжар ауылына берілсе, ІІ орын Төлеби ауданындағы Мәдени ауылының еншісіне тиді. Ал ІІІ орынды Созақ ауданындағы Жуантөбе ауылы жеңіп алды. Жеңімпаз атанған елді мекендерде әлеуметтік маңызы бар нысандар салу жоспарлануда.

Қоғамдық орындарда санитарлық талаптардың сақталуын қамтамасыз ету мақсатында тұрақты бақылау шаралары жүргізілді. Нәтижесінде санитарлық нормаларды бұзған тұлғаларға қатысты 33 452 хаттама толтырылып, жалпы 604,4 млн теңге айыппұл салынды. Оның ішінде 346,9 млн теңге өндірілді. Құқықбұзушылықтардың алдын алу және тұрғындардың санитарлық мәдениетін қалыптастыру мақсатында түсіндіру және профилактикалық жұмыстар жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді.

 

Басқа жаңалықтар

Back to top button