Басты жаңалықтар

Өзбекстанға жарысқа барған 15 қазақстандық оқушы уланып ауруханадан бір-ақ шықты

Өзбекстан астанасында өтіп жатқан «Dostlik Cup 2026» халықаралық футбол фестиваліне қатысуға барған қарағандылық 15 бала ауруханаға түсті. Алдын ала болжам бойынша, спортшылар қонақүйдегі таңғы астан уланған. Оқиға туралы блогер Денис Денски мен балалардың ата-аналары мәлімдеді.

Оқиға 31 қазанда орын алған. Ташкенттегі қонақүйлердің бірінде таңғы ас ішкеннен кейін балалар мен ересектердің іші ауырып, дене қызуы көтерілген. Бір тәуліктің ішінде 15 жас футболшының денсаулығы күрт нашарлаған.

Ата-аналардың айтуынша, таңғы аста жұмыртқа жемеген 8 баланың жағдайы жақсы, бойларынан ешқандай ауру белгілері байқалмаған. Осыған байланысты азаматтар балалар сапасыз немесе мерзімі өткен жұмыртқадан улануы мүмкін деп күдіктеніп отыр.

Ташкенттегі медициналық мекеме дәрігерлері балаларға «тағамнан улану» диагнозын қойған. Дегенмен, нақты қандай заттан уланғаны зертханалық сараптама нәтижелері шыққан соң белгілі болады. Қазіргі уақытта зардап шеккен балалардың барлығы Өзбекстанның емдеу орындарында дәрігерлер бақылауында ем қабылдап жатыр.

Қазақстанның Өзбекстандағы Елшілігі мен дипломаттары жағдайдан толық хабардар. Консулдық қызмет аталған оқиғаны өз бақылауына алып, азаматтарға қажетті көмек көрсетіп жатыр. Ата-аналар зертханалық тексерудің қорытындысын күтуде.

Басқа жаңалықтар

Back to top button