Сенегалдағы тарихи Олимпиадада Қазақстанның көк туын кімдер желбіретті
Төртжылдықтың басты додасы басталды! Африка құрлығында алғаш рет өтіп жатқан IV жазғы жасөспірімдер Олимпиадасының ашылу салтанаты өтті. Дүбірлі додада Қазақстанның туын ұстап шығатын спортшылардың есімі белгілі болды.

Сенегал жерінде бастау алған жасөспірімдер арасындағы жаһандық доданың салтанатты ашылу рәсімінде Қазақстан туын ұстап шығу құрметі жас спортшыларға бұйырды. Еліміздің көк байрағын көкке көтергендер:
- Фатима Сұпығалиева – дзюдошы;
- Әлихан Ағабек – волейболшы.
Екі спортшы да былтыр, яғни 2025 жылы Бахрейнде өткен жасөспірімдер арасындағы Азия ойындарында топ жарып, чемпион атанған болатын. Олардың бұл мәртебелі міндетке лайық деп танылуы – халықаралық аренадағы жарқын жетістіктерінің жемісі.
Биылғы жазғы жасөспірімдер Олимпиадасының маңызы ерекше – бұл бәсеке тарихта тұңғыш рет Африка құрлығында ұйымдастырылып отыр. Әлемнің түкпір-түкпірінен келген 2000-нан астам жас талантың басын қосқан байрақты бәсекеде спорттың әртүрлі түрінен мықтылар анықталады.
Төртжылдықтың басты жастар додасында ел намысын 18 қазақстандық спортшы қорғайды. Олар спорттың 11 түрінен жүлделі орындар үшін таласқа түсіп, жанкүйерлерді қуанышқа бөлеуге дайын.



