Бес елді біріктірген көне өнер: қыш шеберлері Отырарда басты қосты
Қазақ даласында қыштан ыдыс-аяқ, құмыра мен тұрмыстық бұйымдар жасау өнері ежелден қалыптасқан. Ғасырлар бойы ұрпақтан-ұрпаққа жалғасқан бұл дәстүр Отырарда өткен халықаралық жәрмеңкеде кеңінен дәріптелді. Шараға бес елдің қолөнер шеберлері қатысты.

«Ұлы Жібек жолы бойындағы керамика өндірісі: дәстүр, технология және жаңғырту» тақырыбындағы жәрмеңкеге Қазақстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан және Ресейден келген қыш шеберлері қатысты. Олар өз қолдарынан шыққан туындыларын таныстырып, керамика жасаудың ерекшеліктерімен бөлісті.
Халықаралық іс-шараны ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігіне қарасты «Отырар» мемлекеттік археологиялық музей-қорығы ұйымдастырды. Ашылу салтанатына Тынық мұхиты мен Орталық Азия қолөнершілер кеңесінің вице-президенті, Қазақстан қолөнершілер одағының төрайымы Айжан Бекқұлова, Отырар ауданы әкімінің орынбасары Тоқсейіт Елекеев, қыш шебері әрі дизайнер Марат Сарсебаев және музей-қорық директоры Айбек Жандосов қатысты.
Жәрмеңке аясында қолөнер көрмесі ұйымдастырылып, шеберлік сағаттары өткізілді. Қонақтар керамикалық бұйымдарды тамашалап, қыш өнерінің дәстүрлі әдістерімен танысты.
Іс-шараның негізгі мақсаты – Ұлы Жібек жолы бойында қалыптасқан керамика өндірісінің тарихи дәстүрлері мен технологияларын насихаттау, дәстүрлі қолөнерді сақтау және жаңғырту. Сондай-ақ шеберлер арасында тәжірибе алмасып, түркі мемлекеттері арасындағы мәдени байланысты нығайту көзделді.


