Басты жаңалықтар

Түркістанда 4 428 шаршы метрлік заманауи көрме орталығы ашылды

Түркістан облысында халықаралық көрмелер мен ірі форумдарды өткізуге арналған жаңа орталық пайдалануға берілді. 4 428 шаршы метр аумақты алып жатқан заманауи ғимарат Сауран ауданындағы өндірістік парк аумағында орналасқан.

Көрме орталығының ашылу салтанаты Кәсіпкерлер күніне орай ұйымдастырылды. Оған Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров, ҚР Ұлттық экономика вице-министрі Бауыржан Омарбеков, аудан ақсақалдары мен еліміздің өзге өңірлерінен келген қонақтар қатысты.

Екі қабатты ғимараттың жалпы ауданы – 4 428 шаршы метр. Оның 2 592 шаршы метрі көрме залына, 1 836 шаршы метрі әкімшілік-тұрмыстық кешенге арналған. Мұнда кеңселер, конференц-зал, лобби, кофехана мен асхана орналасқан. Сонымен қатар ауданы 358,5 шаршы метр болатын LED-экран орнатылған.

Жаңа орталықта халықаралық көрмелер, жәрмеңкелер, конференциялар мен іскерлік кездесулер өткізуге мүмкіндік бар. Бұл алаң өңір кәсіпкерлеріне өз өнімдерін кеңінен таныстырып, іскерлік байланыстарын дамытуға жағдай жасайды.

Орталықтың алғашқы іс-шаралары да ашылу күні ұйымдастырылды. Мұнда «Түркістанда жасалған» тауарлар көрмесі өтіп, Кәсіпкерлер күніне арналған республикалық форум өткізілді.

Осылайша, Түркістан облысында жергілікті тауар өндірушілердің өнімдерін таныстыруға және кәсіпкерлік байланыстарды нығайтуға арналған жаңа көрме алаңы жұмысын бастады.

Басқа жаңалықтар

Back to top button