Шұбарсуда инфрақұрылымдық серпіліс: Ордабасыда 30 мыңнан астам тұрғынға табиғи газ берілді

Республика күні қарсаңында Ордабасы ауданына қарасты Шұбарсу ауылына көгілдір отын салтанатты түрде қосылды. Арнайы барған Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов жергілікті тұрғындарды осы айтулы қуаныштарымен және ұлттық мерекемен құттықтады.
Енді Шұбарсу ауылының 30 000-нан астам тұрғыны табиғи газдың игілігін көріп, тұрмыс сапасын арттыруға мүмкіндік алып отыр.
Ауылды газдандыру жобасы 4 кезеңнен тұрады, бүгінде оның үшінші кезеңі толығымен аяқталды:
-
Миллиардтық жоба: 3-кезеңнің құрылыс жұмыстарын «Газовое хозяйство «Шымкентгаз» ЖШС жүргізді. Жобаның жалпы құны — 1 млрд 405 млн 970 мың теңге.
-
Қашықтығы мен инфрақұрылымы: Жалпы ұзындығы 122,4 шақырымнан астам газ құбыры (67,7 км болат, 54,6 км полиэтилен) тартылып, 20 газ реттеу шкафтық пункті орнатылды.
-
Қуаттылығы: Нысан сағатына 1 760 текше метр газ өткізуге қауқарлы.
-
Абоненттер саны: Үшінші кезең аясында 3 246 абонент газға қосылу мүмкіндігін алды. Барлық 4 кезең толық іске қосылғанда, жалпы 15 133 абонент көгілдір отынмен қамтамасыз етіледі. Қазіргі таңда 4-кезеңнің құрылыс-монтаж жұмыстары қарқынды жүргізілуде.
Түркістан облысында биыл 34 елді мекендегі 36 мың тұрғынды табиғи газбен қамтамасыз ету жоспарланған. Бүгінгі таңда соның 20 елді мекені көгілдір отынға сәтті қосылып үлгерді.


