Инвестициялық бұрылыс: Олжас Бектенов Шымкентте $4,8 миллиардтың келісіміне қол қойған инвесторлардың басын қосты

Шымкентте өткен IX Kazakhstan Global Investment Roundtable (KGIR-2026) халықаралық инвестициялық форумында жалпы құны 4,8 миллиард АҚШ долларын құрайтын 22 маңызды құжатқа қол қойылды. Еуразияның тоғыз жолының торабында орналасқан мегаполисте 40-тан астам елден келген 500-ден астам инвестор мен ірі бизнес өкілдері бас қосты.
Пленарлық отырыс басталмас бұрын Қазақстан Премьер-министрі Олжас Бектенов шетелдік серіктестермен бірге жүзеге асырылып жатқан өңдеу өнеркәсібі, АӨК, энергетика және инфрақұрылым салаларындағы озық жобалардың көрмесімен танысты. Олардың қатарында Жамбыл облысындағы Masdar жел электр стансасы, Қарағанды мен Түркістан өңірлеріндегі China Energy жобалары, Алматы облысындағы Carlsberg Group зауыты, Alatau City мен Екібастұздағы «ДӨО алқабы», сондай-ақ Шымкенттегі Alsera жылыжай кешені мен QazAlPack зауыты бар.
«Тұрақтылықтан өсімге: Қазақстанның жаңа инвестициялық циклі» тақырыбында сөз сөйлеген Үкімет басшысы елдегі оң өзгерістерге тоқталды:
• Рекордтық өсім: Еліміздің ЖІӨ 6,5%-ға өсіп, $300 млрд-тан асты. Соңғы 5 жылда елге $100 млрд-тан астам тікелей шетелдік инвестиция тартылды.
• Халықаралық рейтинг: S&P агенттігі Қазақстанның рейтингін тұрақты болжаммен «BBB» деңгейіне дейін көтерді, бұл — соңғы онжылдықтағы ең жоғары көрсеткіш. Ал Global Investment Risk and Resilience Index бойынша еліміз бірден 17 сатыға көтеріліп, 53-ші орынға шықты.
• Қолдау тетіктері: Инвесторлар үшін Kazakhstan Investment House арқылы «бір терезе» жүйесі, Altyn Visa арнайы режимі, АХҚО базасындағы ағылшын құқығы және Бас прокуратура деңгейіндегі қорғау тетіктері толық жұмыс істеп тұр.
Жиында Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков, The Boeing Company президенті Келли Ортберг, Ислам даму банкінің басшысы Мухаммад Сулейман Аль-Джассер, Masdar басшысы Мохамед Джамиль Аль-Рамахи, Sarens Kazakhstan өкілі Лудо Антон Саренс және Lasselsberger Group басшысы Йозеф Ласселсбергер баяндама жасады.
Stadler Rail, Carlsberg Group, Harvest Agro Holding, Mars және Air Liquide сияқты жаһандық компаниялар елімізде өндірісті кеңейтуді жалғастыруда. Толықтай жаңартылған 2030 жылға дейінгі Инвестициялық саясат тұжырымдамасы аясында Қазақстан ұзақмерзімді әрі сенімді инвесторлар үшін есігін айқара ашық ұстайды.



