Басты жаңалықтар

Қазақстанда биыл қыс қандай болады? Эль-Ниньо құбылысы күшейіп келеді

Эль-Ниньо климаттық құбылысы биыл рекордтық деңгейге жетуі мүмкін. Бұл әлемнің әртүрлі аймақтарындағы температура мен жауын-шашынға әсер етеді. Ал Қазақстанда қыс әдеттегіден жылы бола ма?

Дүниежүзілік метеорологиялық ұйымның (ДМҰ) маусымдық болжамына сәйкес, 2026 жылдың қазан-желтоқсан айларында экваторлық Тынық мұхитының беткі температурасы қалыпты деңгейден айтарлықтай жоғарылауы мүмкін. Болжамдағы ауытқу +3,7 градусқа жуықтайды.

Мамандардың бағалауынша, бұл көрсеткіш бұрынғы рекордтардан асып түсуі ықтимал. Құбылыс 2027 жылдың ақпанына дейін сақталуы мүмкін.

Эль-Ниньо дегеніміз не?

Эль-Ниньо — экваторлық Тынық мұхитының орталық және шығыс бөліктеріндегі мұхит беті температурасының әдеттен тыс көтерілуімен сипатталатын климаттық құбылыс.

Ол атмосфералық ауа айналымын өзгертіп, әлемнің әртүрлі аймақтарындағы температура мен жауын-шашынға ықпал етеді. Кей жерлерде аптап ыстық пен құрғақшылық күшейсе, басқа өңірлерде жауын-шашын көбейіп, су тасқыны қаупі артуы мүмкін.

ДМҰ мәліметінше, мұхитта жинақталған жылудың атмосфераға таралуы жаһандық ауа райына әсер етеді. Дегенмен температураның көтерілуі бүкіл әлемде бірдей байқалмайды.

Эль-Ниньо Қазақстанға қалай әсер етуі мүмкін?

Бұған дейін «Қазгидромет» мамандары 1951–2025 жылдар аралығындағы деректерді зерттеп, Эль-Ниньо құбылысы мен Қазақстанның климаттық ерекшеліктері арасындағы байланысты талдаған.

Зерттеу нәтижесінде еліміздің оңтүстігі мен оңтүстік-шығысындағы кейбір өңірлерде, соның ішінде Қызылорда, Түркістан, Жамбыл, Алматы және Жетісу облыстарында суық маусымдағы жауын-шашынның таралуымен белгілі бір байланыс байқалған.

Ал солтүстікке қарай бұл байланыс әлсірей түседі. Сонымен бірге зерттеу барысында Эль-Ниньо мен Қазақстандағы ауа температурасы арасында тұрақты байланыс анықталмаған. Әсіресе солтүстік және шығыс өңірлердің ауа райына басқа да атмосфералық процестер әсер етеді.

Қазақстанда қыс жылы бола ма?

Эль-Ниньоның күшеюі Қазақстанда міндетті түрде жылы қыс болады дегенді білдірмейді. Бұл құбылыс жаһандық климаттық жағдайға ықпал еткенімен, еліміздің әр өңіріндегі қысқы ауа райын жеке бағалау қажет.

Сондықтан алдағы қысқа қатысты нақты қорытынды жасау үшін «Қазгидрометтің» маусымдық болжамдарына сүйенген жөн. Эль-Ниньо туралы жаһандық болжамдар өңірлік ауа райын дәлме-дәл анықтай алмайды.

Басқа жаңалықтар

Back to top button