Түркістанда «қызыл аймақтағы» клиникаларға бақылау күшейеді
Түркістан облысында медициналық қызмет сапасына қойылатын бақылау күшейтіледі. «Қызыл аймақта» тұрған жекеменшік клиникалардың жұмысы қайта қаралады.

Бұл мәселе облыс әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасовтың төрағалығымен өткен міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне халықты тарту жөніндегі штаб отырысында талқыланды.
Жиында 2026 жылдың бірінші жартыжылдығындағы денсаулық сақтау саласының көрсеткіштері, орындалмаған индикаторлар, тұрғындардың өтініштері мен шағымдары сараланды. Сондай-ақ жекеменшік медициналық ұйымдардың жыл басынан бергі қызмет нәтижелері қаралды.
«Қызыл аймақтағы» клиникалардың қызмет сапасына талдау жүргізіп, олардың лицензиялық талаптарға сәйкестігін қайта қарау жөнінде ұсыныс енгізу тапсырылды.
Сонымен қатар 2027 жылға медициналық ұйымдарды қаржыландыру мәселесінде «қызыл аймақтағы» клиникалардың көрсеткіштері мен қызмет сапасын ескеру міндеттелді.
Жиында мүгедектік рәсімдеу мәселесі де көтеріліп, дәрігерлік-консультациялық комиссия төрағаларының жұмысына бақылауды күшейту ұсынылды.
Облыс әкімінің бірінші орынбасары медициналық ұйым басшыларына тұрғындардың мәселесін аудан және қала деңгейінде шешіп, шағымдардың алдын алу жұмыстарын күшейтуді тапсырды.



