3,5 мың жұмыс орны бос тұр
Түркістан қаласындағы өндірістік аймақтарда жұмыс іздегендер үшін мыңдаған мүмкіндік бар.

Қазір «TURAN» арнайы экономикалық аймағындағы кәсіпорындарда 3 548 бос жұмыс орны тұр. Ал индустриалды аймақта тағы 150 вакансия бар.
Қаладағы өндіріс орындары көбейген сайын оларға қажет жұмыс күші де артып келеді. Алайда кәсіпорындарда бос жұмыс орындарының болуы мен жергілікті тұрғындардың жұмысқа орналасуы арасында әлі де алшақтық бар.

Бұл мәселе қала әкімдігінде өткен аппараттық мәжілісте талқыланды. Жиынға қала әкімінің орынбасары Аманжол Бақытжанұлы төрағалық етті.
Түркістан қалалық мансап орталығының мәліметінше, 2026 жылға арналған жоспар бойынша индустриалды аймақтағы жеке инвесторлардың штат саны 397 адам болуы тиіс.
Қазіргі таңда оның 229-ы жұмысқа орналасқан.

Ал өндірістік аймақта әлі де 150 бос жұмыс орны бар.
Бұл ретте инвесторлардың жұмыс орындарын қалыптастыруы және жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамту көрсеткіштері ерекше назарға алынды.
Ең үлкен көрсеткіш «TURAN» арнайы экономикалық аймағында тіркеліп отыр.
Қазіргі таңда АЭА аумағындағы 13 инвестор бойынша 518 адам жұмысқа орналасқан.
Сонымен бірге кәсіпорындарда 3 548 бос жұмыс орны бар.
Бұл — жұмыс іздеп жүрген қала тұрғындары мен жастар үшін елеулі мүмкіндік. Бірақ бос орындардың нақты адамдармен толтырылуы үшін кәсіпорындар мен Мансап орталығы арасындағы жұмысты күшейту қажет.
Мәжілісте инвесторлармен жасалған меморандумдардың орындалуы да сөз болды. Жұмыспен қамту көрсеткіштерін арттыру үшін бақылауды күшейту қажеттігі айтылды.
Жиын соңында «TURAN» АЭА-дағы 13 инвестор бойынша ашық тұрған 3 548 бос жұмыс орнына жергілікті жұмыссыз азаматтар мен жастарды орналастыруға арналған нақты Жол картасын 10 күн ішінде әзірлеу тапсырылды.

Бұдан бөлек, әр инвесторға жеке жауапты маман бекітіледі. Оның міндеті — жұмысқа қабылдау барысын бақылау және бос орындардың толтырылуын жеделдету.
Сондай-ақ барлық инвесторлармен жасалған меморандумдарға ревизия жүргізіліп, жұмыспен қамту көрсеткіштерін арттыру бойынша нақты міндеттер қойылды.
Ендігі негізгі міндет — сол бос орындарды жергілікті тұрғындармен, әсіресе жұмыс іздеп жүрген жастармен толықтыру.



