Басты жаңалықтар

100 жылдан соң вокзал жаңарды

Түркістан облысының Түлкібас ауданында ғасырдан астам тарихы бар теміржол вокзалы жаңартылып, қайта пайдалануға берілді. Жаңа нысан заманауи талаптарға сай жабдықталып, жолаушыларға қолайлы жағдай жасалды.

Түлкібас теміржол вокзалы алғаш рет 1916 жылы салынған. Арада 100 жылдан астам уақыт өткен соң ғимарат толық жаңғыртылып, бүгінгі талаптарға сай жаңа келбетке ие болды.


Жаңартылған вокзал тәулігіне 186 жолаушыға қызмет көрсетуге қауқарлы. Мұнда 90 орындық күту залы, билет кассасы, анықтама бюросы және асхана бар.

Сонымен қатар ана мен бала бөлмесі, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған арнайы бөлме, медициналық пункт, оқшаулау бөлмесі және көліктегі полиция қызметкерлеріне арналған кабинет қарастырылған.

Жолаушылардың қауіпсіз әрі кедергісіз қозғалысы үшін заманауи лифт орнатылып, ұзындығы 540 метрлік перрон жаңартылды. Жаяу жүргіншілер көпірі де қайта жаңғыртылды.


Вокзал аумағы абаттандырылып, көгалдандырылды. Сонымен қатар бейнебақылау камералары мен дауыс зорайтқыш жүйелері орнатылды. Нысан іске қосылғаннан кейін 10-ға жуық жаңа жұмыс орны құрылды.

Жаңартылған вокзалдың ашылу рәсіміне Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров қатысты. Ол жаңа нысан аудан тұрғындары мен қонақтарына сапалы қызмет көрсетіп, Түлкібастың әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беретінін атап өтті.


Айта кетейік, биыл Түркістан облысында жалпы 5 теміржол вокзалының инфрақұрылымы жаңартылған.

Басқа жаңалықтар

Back to top button