
Түркістан облысының Келес ауданында еліміздегі ең ірі өнеркәсіптік жылыжай кешендерінің бірі алғашқы өнімін бере бастады. «Ecoculture-Eurasia» кешенінде биыл ақпан айынан бері қызанақ жиналып, өндіріс көлемі артып келеді.
Бүгінде жылыжайда 2 мың тоннадан астам қызанақ өндірілген. Былтыр 6,25 гектар аумаққа «Климон F1» сұрпының көшеттері отырғызылған болатын.
Жобаның алғашқы кезеңі 51,26 гектар аумақта жүзеге асырылуда. Оған 42 млрд теңге инвестиция тартылған. 2026 жылдың күзінде кешеннің тағы 37,5 гектар аумағын іске қосу жоспарланып отыр. Осылайша жыл соңына дейін бірінші кезең бойынша 50 гектардан астам өндірістік жылыжай пайдалануға берілмек.
Кешен толық қуатына шыққанда жылына 27 мың тоннаға дейін қызанақ өндіру көзделген.
Қазір кәсіпорында 130 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Жоба толық іске қосылған кезде 1000-нан астам жаңа жұмыс орны ашылады.
Жылыжай кешені ауыл шаруашылығына заманауи технологияларды енгізіп, көкөніс өндірісін арттыруға және Келес ауданының инвестициялық әлеуетін күшейтуге бағытталған.


