
Түркістанда жаңа әуежайға апаратын жол бойындағы жасыл желек аумағы кеңейтіліп, ағаштарды күтіп-баптау жұмыстары күшейтілуде.
Облыс орталығындағы әуежай жолының бойында жалпы аумағы 240 гектар болатын жасыл белдеу қалыптастырылған. Бүгінде мұнда 730 мың ағаш көшеті отырғызылып, аумақ толықтай тамшылатып суару жүйесімен қамтылған.

Ағаштардың жерсіну деңгейін арттыру үшін қазір қосымша ұңғыма қазылып жатыр. Сонымен қатар электр желісін тарту, тамшылатып суару жүйесін жаңарту және оны автоматтандыру жұмыстары жүргізілуде.
Жұмыс барысын облыс әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков аралап көрді. Ол суару кестесін белгілеу кезінде ауа райы мен топырақ ерекшеліктерін ескеруді тапсырды. Сондай-ақ ағаштарға қажетті тыңайтқыштарды дұрыс таңдаудың маңызын атап өтті.
Жасыл желекті күтіп-баптау жұмыстары тұрақты түрде жүргізілуде. Биыл күзде аумақты тағы 80 мың жапырақты ағаш көшетімен толықтыру жоспарланған. Оның ішінде қарағаш, жиде және тұт көшеттері отырғызылады.

Жоба әуежайға апаратын жол бойындағы жасыл аймақты ұлғайтып, қаланың экологиялық жағдайын жақсартуға бағытталған.



