Басты жаңалықтар

Түлкібаста сусын өндірісі 400 мың тоннаға жетеді

Түркістан облысының Түлкібас ауданында алкогольсіз сусын өндіретін зауыттың өндірістік қуаты 3 еседен астам ұлғаяды. «Beibars Bottlers» ЖШС зауытының екінші кезеңіне 8,4 млрд теңге инвестиция салынып, өндіріс көлемін жылына 400 мың тоннаға жеткізу жоспарланып отыр.


Түлкібас ауданында «Beibars Bottlers» ЖШС ауыз су және алкогольсіз сусындар өндіретін зауытының екінші кезеңінің іргетасын қалау рәсімі өтті. Іс-шараға Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров қатысты.

«Beibars Bottlers» кәсіпорнының алғашқы кезеңіне 9 млрд теңге инвестиция тартылған. Зауыт 2025 жылдың қазан айында іске қосылып, жылына 120 мың тонна алкогольсіз сусын өндіруге мүмкіндік алды. Өндіріс орнында 100-ден астам тұрақты жұмыс орны ашылды.


Бүгінде кәсіпорын темір және пластикалық құтыларда «RC» маркалы сусындар шығарады. Өнімнің 51 пайызы Ресейге, 26 пайызы Қырғызстанға экспортталады, ал қалған 23 пайызы Қазақстан нарығында сатылады.

Зауыттың өнімдеріне сұраныстың артуына байланысты өндірісті кеңейту туралы шешім қабылданған. Жобаның екінші кезеңіне 8,4 млрд теңге инвестиция бағытталады. Кәсіпорын толық қуатына шыққанда тағы 90 жаңа жұмыс орны ашылады.


Жоспар бойынша зауытты 2027 жылы іске қосып, жалпы өндірістік қуатты жылына 400 мың тоннаға жеткізу көзделген. Бұл қазіргі көрсеткіштен 3 еседен астам жоғары. Кәсіпорынның бюджетке түсіретін жыл сайынғы салығы да шамамен 800 млн теңгеге дейін артады деп күтілуде.

Алғашқы кезеңнің өзінде кәсіпорыннан бюджетке жыл қорытындысы бойынша шамамен 450 млн теңге салық түседі деп болжанған.

Өңір басшысы Нұралхан Көшеров өндірістің кеңеюі облыстың өнеркәсіптік әлеуетін арттырып, жаңа жұмыс орындарын ашуға және жергілікті бюджет кірістерін көбейтуге мүмкіндік беретінін атап өтті.

Зауыттың тұрақты жұмыс істеуіне қажетті инженерлік инфрақұрылым мемлекет тарапынан қамтамасыз етілген. Екінші кезеңді жүзеге асыру барысында инфрақұрылым қуатын арттыру жұмыстары да кезең-кезеңімен жүргізіледі.

Облыс әкімі жұмыс сапары барысында Жабағылы ауылдық округіндегі «Қарқын Трейд» ЖШС құс фабрикасының құрылыс барысымен танысты.

Жобаға 53,7 млрд теңге инвестиция салу жоспарланған. Кәсіпорын жылына 48 мың тонна құс етін өндіретін болады. Жоба толық іске қосылғанда 1 200 жаңа жұмыс орны ашылады.

Кешен құрамында 96 құс фермасы, инкубатор, құрама жем зауыты, газ-электр станциясы, құс сою және қалдық өңдеу цехтары, сондай-ақ тоңазытқыш қоймалары салынады.

Жоба үш кезеңмен жүзеге асырылады. Оны қаржыландыруға «Түркістан» ӘКК» АҚ тарапынан 5 млрд теңге несие бөлінген.

Қазір құрылыс алаңында 10 құс фермасының темір қаңқасы тұрғызылып, сэндвич панельмен қаптау жұмыстары жүргізілуде. Құс сою бекетінің аумағында жерді тегістеу жұмыстары басталған.

Осылайша, Түлкібас ауданында бір мезетте сусын өндірісін кеңейту және құс шаруашылығын дамыту бағытындағы ірі жобалар жүзеге асырылып жатыр. Бұл өндіріс көлемін арттырып қана қоймай, аудан тұрғындары үшін жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді.

Басқа жаңалықтар

Back to top button