«Түркістан Барысы» кім болды?
Түркістан облысында қазақ күресінен ересектер арасындағы «Түркістан Барысы – 2026» облыстық іріктеу турнирі аяқталды.

Сайрам ауданының Қарасу ауылындағы Қарасу спорт кешенінде өткен тартысты бәсекеде Шардара ауданының балуаны Қайсар Шамшидинов жеңіске жетіп, «Түркістан Барысы» атағын иеленді.
Дәстүрлі турнирге облыстың аудан-қалаларынан 90 келіден жоғары салмақ дәрежесіндегі 26 үздік балуан қатысты. Олар республикалық «Қазақстан барысы» турниріне жолдама үшін боз кілемде бақ сынады.

Жарыстың ашылу салтанатына Сайрам ауданының әкімі Мадияр Оразалиев пен Түркістан облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Ғалымжан Худияров қатысып, балуандарға сәттілік тіледі. Сондай-ақ ұлттық спорттың дамуына үлес қосып жүрген спортшыларға алғыс білдірді.
Турнир қорытындысында Сауран ауданының балуаны Әбдуғани Бибарыс қола жүлдеге ие болды.

Ал финалда Қайсар Шамшидинов пен Сарыағаш ауданының өкілі Мейіржан Әбдімәліков күш сынасты. Шешуші белдесуде Қайсар қарсыласынан басым түсіп, «Түркістан Барысы – 2026» атағын жеңіп алды.
Жеңімпазға арнайы белбеу мен 500 мың теңгенің сертификаты табысталды. Екінші орын иегері 300 мың теңге, ал үшінші орын алған балуан 200 мың теңгенің сертификатына ие болды.
Айта кетейік, облыстық іріктеу турнирінде алғашқы екі орынды иеленген Қайсар Шамшидинов пен Мейіржан Әбдімәліков 15 тамызда Астанада өтетін республикалық «Қазақстан барысы» турнирінде Түркістан облысының намысын қорғайды.


