Ясауи іліміне қатысты XVII ғасырдағы сирек қолжазба Мәскеуден табылды

Бұған дейін ғылыми ортаға кеңінен белгісіз болған еңбек Ясауи тариқатының тарихын тереңірек тануға мүмкіндік береді.
«Әзірет Сұлтан» ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығының Ясауитану ғылыми орталығының ғалымдары Ресей мемлекеттік кітапханасынан XVII ғасырда жазылған құнды қолжазбаны анықтады.

«Хужжат әз-Закирин ли-радд әл-Мункирин» («Зікірді терістеушілерге қарсы зікір етушілердің дәлелі») атты еңбек Мәскеуге ұйымдастырылған ғылыми экспедиция барысында табылған. Бұхарада жазылған бұл туынды Ясауи мектебінің тарихын баяндайтын маңызды жазба дереккөздердің бірі саналады.
Қолжазбада сопылық ілім, жария зікір дәстүрі және Қожа Ахмет Ясауиден бастау алатын рухани сабақтастық туралы құнды мәліметтер берілген. Сондай-ақ Хакім ата, Зеңгі ата және тариқаттың кейінгі өкілдері жайлы деректер қамтылған.

Қазір мамандар қолжазбаның ғылыми сипаттамасын әзірлеп жатыр. Келесі кезеңде еңбек белгілі нұсқалармен салыстырылып, мәтінтанулық сараптамадан өтеді. Зерттеу нәтижелері ғылыми айналымға енгізілмек.



