Полиция іздеу жұмыстарын сәтті аяқтады: анасы мен төрт бала аман

Түркістан облысында жеті күннен бері іздеуде болған әйел мен оның төрт баласы аман-есен табылды. Полицейлер оларды таксимен келе жатқан жерінен анықтады.
Отырар ауданының тұрғыны жұбайының төрт баласымен бірге үйден шығып кетіп, қайта оралмағанын айтып, полицияға жүгінген. Осыдан кейін Түркістан облысы Полиция департаментінің Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасы мен Отырар аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері бірлесіп, іздеу жұмыстарын бастады.
Із-түзсіз жоғалған әйелдің қасында 6, 5, 3 жастағы және 10 айлық төрт баласы болған. Полицейлер ауданның кіретін және шығатын жолдарын бақылауға алып, көліктерді тексерді. Сондай-ақ көршілес өңірлерге ақпарат жолданып, іздеу жұмыстары күшейтілді.
Жедел іздестіру шараларының нәтижесінде әйел балаларымен бірге таксимен келе жатқан жерінен табылып, полиция бөліміне жеткізілді.
Анықталғандай, әйел тұрмыстық келіспеушіліктен кейін ренжіп, балаларын және жеке құжаттарын алып, ешкімге айтпастан Шымкент қаласына кеткен. Онда пәтер жалдап тұрғаны белгілі болды.
Қазір жақын туыстары шақырылып, полиция қызметкерлері отбасы мүшелерімен түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Нәтижесінде ерлі-зайыптылар татуласып, балаларымен бірге үйлеріне аман-есен оралды.



