Басты жаңалықтар

Жаңа жұмыс орындары

Түркістанда 43 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылды

Түркістан облысында биылғы алты айда 43 мыңнан астам жаңа жұмыс орны құрылды. Бұл туралы облыс әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбековтің қатысуымен өткен жұмыспен қамту жоспарының орындалуын талқылаған жиында белгілі болды.

Өңірлік жұмыспен қамту картасына сәйкес, жыл басынан бері 46 779 жұмыс орнын ашу жоспарланған. Басқарма ұсынған мәліметке сәйкес, қазіргі таңда нақты 43 673 жұмыс орны құрылған. Дегенмен, Сарыағаш, Отырар, Төлеби және Шардара аудандарындағы көрсеткіштер жоспарланған деңгейге жетпеген. Сонымен қатар Бәйдібек, Сарыағаш аудандары мен Кентау қаласында бос жұмыс орындарына орналасқандардың үлесі төмен болып отыр.


Ұлттық жобалар мен мемлекеттік бағдарламалар аясында биылғы алты айда 151 жобаға 917 азаматты жұмысқа орналастыру көзделген еді. Алайда бүгінгі таңда 183 жоба іске асырылып, нәтижесінде 1666 жұмыс орны ашылған.

Еңбек шарттарын тіркеу бойынша Сауран ауданында жұмыс толық аяқталған. Ал Бәйдібек, Келес, Сайрам аудандары мен Түркістан, Арыс және Кентау қалаларының жауапты тұлғаларына бұл бағыттағы жұмысты жандандыру тапсырылды.


Жиында аудан-қала әкімдерінің орынбасарларына жұмыспен қамту және еңбек қатынастары саласындағы заң талаптарының орындалуын қамтамасыз ету жөнінде нақты міндеттер жүктелді.

– Орындалмау қаупі бар бағыттар бойынша шарасыздық танытпай, шешім жолдарын іздеу қажет. Жоспардың орындалуы міндетті, – деді Нұрбол Тұрашбеков.

Сондай-ақ облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы тарапынан аудан-қалалардағы Мансап орталықтарының қызметіне талдау жүргізілген. Алты айлық меженің орындалуы Мансап орталығы басшылары үшін негізгі бағалау көрсеткіштерінің бірі болмақ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button