Басты жаңалықтар

Түркістандық түлектерге не істеуге болмайды?

25 мамыр күні өңірдегі 1106 мектепте «Соңғы қоңырау» салтанаты өтеді. Алайда биыл тәртіп сақшылары түлектер мен ата-аналар үшін бақылауды бұрын-соңды болмаған деңгейде күшейтпек. Заң бұзғандар қатаң жауапқа тартылады.

Биылғы оқу жылын облыс бойынша 34 911 он бірінші сынып түлегі және 47 460 тоғызыншы сынып оқушысы аяқтағалы отыр. Осыншама жастың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін құқық қорғау органдары ерекше дайындыққа көшті.

Полиция департаменті бастығының арнайы бұйрығымен департаменттің басқарма басшылары әрбір қала мен ауданға жеке жауапты ретінде бекітілді. Мереке күні қоғамдық тәртіпті күзетуге 2000-ға жуық полиция қызметкері мен 400-ге жуық қызметтік автокөлік жұмылдырылады. Сақшылар күшейтілген жұмыс режиміне ауысады.

Не нәрсеге қатаң тыйым салынады?

Полиция қызметкерлері білім бөлімдерімен бірлесіп, өткен жылдардың кемшіліктерін ескере отырып, алдын алу шараларын жаңа деңгейге көтерді. Төмендегі ережелерді бұзғандар заң алдында жауап береді.Түлектердің автокөлік жалдап, көшеде заңсыз шеру ұйымдастыруына жол берілмейді. Жол қозғалысы ережесін бұзғандар бірден жазаланады. Кәмелетке толмаған балаларына көлік тізгінін сеніп тапсырған ата-аналарға қатысты қатаң заңдық шаралар қолданылады. Кәмелетке толмағандардың түнде заңды өкілдерінсіз (ата-анасынсыз) көшеде және ойын-сауық орындарында жүруіне тыйым салынады.

Полиция тек көшелерді ғана емес, виртуалды әлемді де бақылауда ұстайды. Әлеуметтік желілерге тұрақты бақылау жасалады. Құқық бұзушылық белгілері анықталса, жедел шаралар қабылданады. Мереке күні барлық мейрамхана, дәмхана, банкет залдары, саябақтар, демалыс орындары мен су айдындары жіті тексеріліп, рейдтік іс-шаралар үздіксіз жүргізіледі. Қауіп-қатері жоғары делінген аумақтарда арнайы мобильді топтар тәулік бойы кезекшілікте болады.

Айта кетейік, өңірде барлығы 1106 білім беру мекемесі бар. Оның 940-ы мемлекеттік, ал 166-сы жеке меншік мектеп.

Басқа жаңалықтар

Back to top button