Басты жаңалықтар

Азияға жолдама тартысы

Түркістан ескек есушілері Қазақстан чемпионатында 30 медаль жеңіп алды

Түркістан қаласындағы халықаралық ескек есу арнасында байдарка мен каноэде ескек есуден ересектер арасындағы Қазақстан чемпионаты жалғасуда.

Үш жарыс күнінің қорытындысы бойынша Түркістан облысының спортшылары жоғары нәтиже көрсетіп, жалпы 30 медаль жеңіп алды. Өңір қоржынына 11 алтын, 10 күміс және 9 қола медаль түсті.


Чемпионатта Түркістан облысының спортшылары қарсыластарына дес бермей, көптеген бағдарламада жүлделі орындарға ие болды. Ел біріншілігінде чемпион атанғандар қатарында
Полат Төребеков, Артем Терещенко, Алишер Хаетов, Ульяна Киселева, Ольга Шмелева және София Килейкина бар.

Сондай-ақ жүлдегерлер қатарынан Руслан Федотов, Дәулет Шалдар, Георгий Шмелев, Дильфузохон Эргашханова, Милана Абдубаева және Карина Нұрғалиева да көрінді.


Айта кетейік, Қазақстан чемпионатына еліміздің
11 өңірінен 130-ға жуық ескек есу шебері қатысуда. Спортшылар алғашқы күндері 1000 метр қашықтықта бақ сынап, өзара мықтыны анықтады.


Бұл жарыс биыл күзде Жапонияның Нагоя қаласында өтетін жазғы Азия ойындарына қатысатын ұлттық құраманы жасақтаудағы маңызды іріктеу кезеңдерінің бірі саналады.

Ұлттық құраманың бас бапкері Қайсар Нұрмағамбетовтің айтуынша, Азия ойындарында байдарка мен каноэде ескек есуден 12 жүлде жиынтығы сарапқа салынады. Дегенмен әр мемлекетке тек 10 бағдарлама бойынша ғана спортшы қатыстыруға рұқсат етілген.

Сонымен қатар, Азия ойындарының жарыс кестесінде 1000 метр қашықтық қарастырылмаған, сондықтан қысқа қашықтықтардағы жарыстардың тартысы ерекше болмақ.

Қазақстан чемпионаты алдағы күндері де жалғасады. Жарыс қорытындысы бойынша ұлттық құрама сапына енетін үздік спортшылар анықталмақ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button