Пайда көрем деп, табыстан қағылмаңыз
Бірнеше минуттық тексеріс болашақ табысыңызды сақтап қалуы мүмкін.

2026 жылы Қазақстанда жеке тұлғалардың депозиттегі жинағы 28 трлн теңгеге жетіп, бір жылда 16 пайыздан астам өсті. Бұл сома республиканың бір жылдық кірісімен шамалас.
Алайда көп адам депозитке ақша салған соң қаражат өздігінен көбейе береді деп ойлайды. Негізінде, мерзімі аяқталғаннан кейін назар аудармасаңыз, күткен табысыңыз азайып қалуы мүмкін.
Депозит ашылған кезде әр клиент келісімшартқа қол қояды. Онда салымның нақты мерзімі көрсетіледі. Көпшілік кейін қайта рәсімдеумен айналыспау үшін автопролонгация қызметін қосады. Бұл депозит мерзімінің автоматты түрде ұзартылуын білдіреді.
Бірақ жаңа келісімшарт жасалмаған жағдайда банк сыйақы мөлшерлемесін өзгертуі мүмкін. Мұны клиенттердің бәрі бірдей байқай бермейді, ал арнайы хабарлама да әрдайым келе бермейді. Соның салдарынан салымшы қосымша табысынан айырылып қалуы ықтимал.
Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қорының мәліметінше, жүргізілген статистикалық талдау барысында салымшылардың 73 пайызы бастапқы сыйақы мөлшерлемесін сақтап қалған. Ал 27 пайызы төмен пайызбен қалып, күткен табысынан қағылған.
Сондықтан депозитіңіздің мерзімі аяқталуға жақын болса немесе автопролонгация қосулы тұрса, банк қосымшасына кіріп, қазіргі сыйақы мөлшерлемесін тексеріп алған жөн.



