Су үнемдеп, өнімді көбейткен өңір
Түркістанның агросаласы биыл да қарқынын бәсеңдетпеді.

Жылдың алғашқы төрт айында облыста ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 206 млрд теңгеге жетіп, саладағы өсім 111,3 пайызды құрады.
Дала жұмыстары ауқымды жүргізілді. Биыл өңірде 919 мың гектар жерге егін егілді. Мақта, мақсары мен жүгері алқаптары ұлғайса, су үнемдеу мақсатында күріш көлемі қысқартылған.

Ауыл шаруашылығына инвестиция құю көрсеткіші жоғары. Төрт айда салаға 56,4 млрд теңге тартылып, жоспар 1,8 есеге орындалды. Ал жеңілдетілген несиемен 1722 жоба қаржыландырылып, оған 25 млрд теңге бағытталған.
Түркістан су үнемдеу технологияларын енгізуде алдыңғы қатарда. Биыл жоспарланған 27 мың гектардың орнына жаңа технологиялар 50 мың гектарға енгізілмек. Нәтижесінде өңір жыл сайын 280 млн текше метр суды үнемдей алады.

Шегірткеге қарсы күрес күшейтілген. Бүгінде 889 мың гектар жер зерттеліп, арнайы техника, дрондар мен авиация жұмылдырылған.
Мал шаруашылығында да нәтиже көңіл қуантады. Төрт айда 76 мың тонна ет, 161 мың тонна сүт және 108 млн дана жұмыртқа өндірілді. Оның үстіне Қазақстаннан экспортталатын сиыр етінің 80 пайызы, қой етінің 75 пайызы Түркістан облысының үлесіне тиесілі. Биылдың өзінде шетелге 13,6 мың тоннадан астам ет жөнелтілген.

Өңірде құны 54,1 млрд теңгені құрайтын 8 ірі инвестициялық жоба іске асырылып жатыр. Жобалар толық жүзеге асқанда жыл сайын 53,5 млрд теңгенің өнімі өндіріліп, 800-ге жуық жаңа жұмыс орны ашылады.
Қысқасы, Түркістанның қаласы биыл бос жатқан жоқ. Егіс те көбейді, экспорт артты, инвестиция да еселенді.



