Париж корттарындағы қазақ үстемдігі
Заңғар Нұрланұлы АҚШ спортшысын 1 сағатта корттан қуып шықты

Заңғар Нұрланұлы «Ролан Гаррос» турнирінің 1/8 финалына шықты.
Түркістан облысының тумасы, 17 жастағы қазақстандық теннисші Заңғар Нұрланұлы жасөспірімдер арасындағы Франция ашық чемпионатында (Ролан Гаррос) кезекті жеңісіне қол жеткізді.
Отандасымыз жарыстың екінші айналымында қарсыласын айқын басымдықпен қапы қалдырды.
Турнирде 8-ші нөмірмен өнер көрсетіп жатқан Нұрланұлы ITF жасөспірімдер рейтингінде 94-орында тұрған американдық Агасси Рашермен шеберлік байқасты. Кездесу барысында корттағы жағдайды толық бақылауында ұстаған қазақстандық спортшы екі сетте 6:2, 6:1 есебімен сенімді жеңіске жетті. Тартысты матч бар-жоғы 1 сағат 6 минутқа созылды.

Осы жеңісінің арқасында Заңғар Париждегі беделді «Үлкен дулыға» турнирінің 1/8 финалына жолдама алды. Енді ол ширек финалға шығу үшін Янник Альварес (Пуэрто-Рико) және Леонардо Шторк Франка (Бразилия) арасындағы кездесудің жеңімпазымен кездеседі.
Айта кетейік, Париждегі кортта отандасымызға ерекше қолдау көрсетілді. Жас таланттың маңызды матчына Қазақстан теннис федерациясының президенті Болат Өтемұратов арнайы барып, трибунадан жеке өзі жанкүйер болды.



