
Түркістан облысында бұрын-соңды болмаған, естіген адамның жағасын ұстататын мүлдем жаңа өндіріс іске қосылмақ. Қытайлық алпауыт Huating Biotechnology компаниясы Ордабасы ауданы Темірлан ауылында ірі қара малдың сүйегі мен қанын терең өңдейтін зауыт салып бітірді.

Жобаның құны — 9 миллиард теңге. Бірақ ең қызығы бұл емес, зауыттың не шығаратынында болып тұр.
10 гектар аумақты алып жатқан бұл алып кешен жылына 5 мың тонна сүйекті өңдеп, нағыз қалдықсыз өндіріс орнына айналады. Олар мынадай таңғажайып өнімдерді дайындамақ. Авиаотын өндірісіне қажетті май. Дәрі-дәрмекке арналған пептон. Медицина мен фармацевтика саласына қажетті таптырмас шикізат. Фарфорға арналған көмір. Сәнді ыдыс-аяқ өндірісінде қолданылады.

2027 жылдан бастап зауыт малдың қанын да кәдеге жаратып, мал шаруашылығына ең өтімді жем түрлерін шығаруды жоспарлап отыр.
Шетелдік инвесторлардың айтуынша, өңірде бизнеске жасалған жағдай өте жоғары. Облыс әкімдігі құжаттар мен инфрақұрылым жағынан жан-жақты қолдау көрсетіп, жобаның тез арада іске қосылуына жағдай жасаған.

Бұл зауыт іске қосылғанда 30 тұрғын тұрақты жұмыспен қамтылып, өңірден шығатын өнімдер тікелей экспортқа жол тартады.



