Қазақстан суару маусымына дайын

Қазақстанда биылғы су тасқыны кезеңі төтенше жағдайсыз өтті. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Су ресурстарын реттеу, қорғау және пайдалану комитетінің төрағасы Сейілбек Нұрымбетов мәлімдеді.
Оның айтуынша, Су ресурстары және ирригация министрлігі жергілікті әкімдіктермен бірлесіп, суару маусымына дайындық пен су тасқынының алдын алу бағытында кешенді жұмыстар жүргізген. Соның нәтижесінде елдегі су қоймалары жоспарлы деңгейге дейін толып, гидротехникалық нысандарда апатты жағдай тіркелмеген.
Көктемгі еріген қар суларының бір бөлігі лимандар мен көл жүйелеріне жіберіліп, бірнеше өңірдегі экологиялық ахуалды жақсартуға мүмкіндік берген.
Мәселен, Тасөткел су қоймасынан Созақ ауданына 1 млрд текше метрден астам су бағытталған. Ал Ертіс бассейнінде жайылма шалғындарды суландыру үшін 5,4 млрд текше метр су жіберілді. Соның нәтижесінде Павлодар облысы аумағындағы Ертіс жайылмасының 88 пайызына су жеткен.
Сондай-ақ Балқаш көлі деңгейін көтеру жұмыстары да жалғасып жатыр. Өткен жылдың қазан айынан бері Қапшағай су қоймасынан көлге 3,7 млрд текше метр су жіберіліп, су деңгейі 29 сантиметрге көтерілген.


