

Көне қаланың кіреберісіндегі бұл еңселі ескерткіш бірліктің, татулық пен қонақжайлылықтың нышаны ретінде бой көтерген.

Алып тостаған (Тайқазан) – Түркістанның рухы мен болмысын айшықтап тұрғандай. Дәл осы жерден басталған ынтымақтастық бүкіл түркі әлемін біріктіре түспек.

Түркістан көшелерінде бауырлас елдердің тулары желбіреп тұр.

Бұл көрініс алдағы халықаралық жиынның маңыздылығын ғана емес, түркі жұртының бірлігі мен мызғымас ынтымағын айшықтайды.


Шаһар тарихи кездесуді жоғары деңгейде қарсы алуға сақадай сай.

Көне мен жаңаның астасқан мекені. Қожа Ахмет Ясауи кесенесі Түркістанның ғана емес, бүкіл түркі жұртының рухани діңгегі болып қала береді. Ашық аспан астындағы бұл көрініс қаланың өткеніне құрмет пен болашаққа деген нық сенімін ұштастырып тұрғандай.

Көгілдір күмбезді зәулім мешіт – қаланың ажарын ашып қана қоймай, рухани тазалықтың символына айналған.

Түркі әлемінің көшбасшылары бас қосатын «Шаңырақ». Ұлттық нақышта салынған алып киіз үй пішінді бұл еңселі кешен – түркі жұртының ортақ үйі мен мызғымас бірлігінің айқын көрінісі. Дәл осы жерде бауырлас елдердің тағдыры мен болашағына қатысты ең маңызды тарихи шешімдер қабылданбақ.

Айналма жолдың қақ ортасында орналасқан, ұлттық ою-өрнекпен көмкерілген алып ай мен сегіз қырлы жұлдыз – тұтас түркі дүниесінің ортақ символы әрі терең тарихымыздың белгісі.

Сонымен, Түркістан үлкен өзгерістер мен маңызды шешімдердің табалдырығында тұр. Қаланың сәулеті мен дайындығы мұндағы жиынның салмағы жоғары екенін аңғартады. Бізбен бірге болыңыздар, алдағы күндері Түркістаннан ең маңызды жаңалықтарды бірінші болып бөлісетін боламыз!



