Қазақстандық ерлер туралы сіз білмейтін қызық дерек
Қазақстанда ерлер саны артып келеді. Тіпті кей өңірлерде ер азаматтар әйелдерден де көп.

2026 жылдың басындағы мәліметке сүйенсек, елімізде 10 миллионға жуық ер адам бар. Қазір халықтың 49 пайызын ерлер құрайды. Соңғы 13 жылда әйелдер мен ерлер арасындағы сан айырмашылығы айтарлықтай қысқарған.
Былтыр Қазақстанда 172 мыңнан астам ұл бала дүниеге келген. Ең көп қойылған есімдер қатарында Мұхаммед, Алихан, Айсұлтан, Омар мен Алдияр бар. Ал кей ата-аналар баласына Төре-Нұрым немесе Абд Аль-Алим секілді ерекше есімдер берген.
Қазақстандық жігіттер орта есеппен 27,9 жасында алғаш рет шаңырақ көтереді. Яғни қазіргі ер азаматтар отбасы құруға асықпай, алдымен тұрақтылыққа мән беретіндей.
Тағы бір қызық дерек — Түркістан облысы ерлер саны әйелдерден асатын жалғыз өңір болып отыр. Статистика бойынша, мұнда бір үйде орташа есеппен 2,7 ер адам тұрады.
Ал ауыр әрі қауіпті жұмыстардың басым бөлігінде де ерлер еңбек етеді. Бүгінде 316 мыңнан астам ер азамат зиянды өндіріс орындарында жұмыс істеп жүр.



