
Түркістандық жас дарын әлемдік ғылымның «Олимпіне» жолдама алды. АҚШ-тың Финикс қаласында өтетін жаһандық додада біздің оқушылар 7 миллион долларлық жүлде қоры мен әлемдік деңгейдегі танымалдылық үшін таласады.
ISEF 2026: Бұл не қылған жарыс? Бұл мектеп оқушылары арасындағы әлемдегі ең беделді ғылыми көрме. Биыл Аризона штатында 60 елден келген 1700 жас данышпан бас қосады. Қазақстаннан 5 жоба, 7 оқушы қатыспақ.
Ал түркістандық Алтынай Өтетілеу АҚШ-тың Финикс қаласында өтетін Regeneron ISEF 2026 халықаралық көрмесіне қатыспақ. Оның «AtmosNano» атты ғылыми жобасы атмосфералық деректерді жинауға арналған наноспутник моделін жасауға бағытталған.
Айта кетейік, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен биылдан бастап аталған беделді доданың жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне мемлекет тарапынан ерекше қолдау көрсетілмек. Атап айтқанда, халықаралық ғылыми байқауда алтын медаль иеленген оқушыларға 1500 АЕК (5,5 млн теңгеден астам) көлемінде бірреттік сыйақы беріледі. Сондай-ақ, оларға «Болашақ» халықаралық стипендиясының «Бакалавриат» бағыты бойынша әлемнің үздік университеттерінде тегін білім алу құқығы беріледі. Күміс медаль иегерлеріне 1000 АЕК(3,6 млн теңге), ал қола медаль алғандарға 500 АЕК (1,8 млн теңге) мөлшерінде мемлекеттік сыйақы қарастырылған. Сонымен қатар, дарынды жастарды жарысқа дайындаған педагогтер де заң аясында тиісті ақшалай сыйақылармен марапатталады.



