
Түркістанда Жеңістің 81 жылдығы: Көзге жас алдырған сәттер мен қомақты сыйақы
Бүгін Түркістандағы «Жеңіс» саябағында 81-ші рет Жеңіс туы желбіреді. Халық «Даңқ» мемориалына жиналып, аталарымыздың ерлігін еске алды. «Мәңгілік алауға» гүл қойып, майданда қалған боздақтарға тағзым етілді.

Облыс әкімі Нұралхан Көшеров жиналғандарды құттықтап, жүрекжарды лебізін білдірді.
Әкімнің айтуынша, кезінде Оңтүстік өңірінен 140 мыңнан астам азамат соғысқа аттанған екен. Өкініштісі, соның тең жартысы үйіне қайтып оралмады. Ал қазір Түркістан облысы бойынша небары 3-ақ соғыс ардагері қалыпты. Олар Сайрам, Сарыағаш және Жетісай аудандарында тұрады.

Мемлекет батырларымызды ұмытқан жоқ. Биыл көзі тірі 3 ардагердің әрқайсысына 5 миллион теңгеден берілді. Сонымен қатар, тыл еңбеккерлері мен соғыс мүгедектерінің жесірлері де назардан тыс қалмай, тиісті әлеуметтік көмектерін алды.

Жиын соңы патриоттық әндер шырқалған концертке ұласты.



