Басты жаңалықтар

1418 күн соғысқан қария

Жетісайлық Петр Папковтың ерлігі ел есінде

Жеңістің 81 жылдығы қарсаңында Жетісай ауданындағы көзі тірі жалғыз майдангер Петр Папковқа ерекше құрмет көрсетілді.

Петр Кузмич — нағыз аңыз адам. Ол 1925 жылы Татарстанда дүниеге келіп, 1942 жылы небәрі 17 жасында майданға аттанған. 73-гвардиялық армияның құрамында Киев, Бухарест және Венгрия қалаларын жаудан азат етуге қатысқан. Сұрапыл соғыс аяқталса да, ол әскерде тағы 5 жыл қалып, елге тек 1950 жылы ғана оралған.

 

Соғыстан кейін батыр атамыз бейбіт еңбекке араласып, зейнетке шыққанша трактор тізгіндеп, ауыл шаруашылығын қалпына келтіруге атсалысқан. Бүгінде ол 4 қызынан немере-шөбере сүйіп отырған ардақты қария.

Мерекеге орай Түркістан облысы әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков пен аудан әкімі Серік Мамытов майдангердің шаңырағына арнайы барып, облыс әкімі мен ҚР Қорғаныс министрінің құттықтауын табыстады. 5 миллион теңге көлеміндегі ақшалай сертификатты берді. Иығына шапан жауып, мерекелік себет тарту етті.

Айта кетейік, ауданда тек Петр Папков қана емес, өзге де соғыс ардагерлерінің зайыптарына, тыл еңбеккерлеріне және Тәжікстан-Ауғанстан шекарасында, Таулы Қарабақта қызмет еткен жауынгерлерге де (15 АЕК-тен 30 АЕК-ке дейін) бір реттік әлеуметтік көмектер берілді.

Басқа жаңалықтар

Back to top button