
Түркістан облысы еліміздің нағыз аграрлық орталығы. Қазақстандағы ауыл шаруашылығы өнімінің 13%-ы және суармалы жерлердің төрттен бірі дәл осы өңірде. Бірақ су тапшылығы жыл сайын сезіле бастаған соң, облыс «су үнемдеу» режиміне толықтай көшіп жатыр.

Енді су үнемдеу жабдықтарын шетелден іздеудің қажеті жоқ. Түркістан облысында су үнемдеу технологияларын шығаратын 4 ірі зауыт («BNK GROUP LTD», «KAZ KIOTI», «ХИНЖИН Ирригейшн» және «TURAN SU») жұмыс істеп тұр. Бұл жобаларға 25,7 млрд теңге инвестиция салынған. Зауыттар жылына 160 мың гектардан астам жерді тамшылатып және жаңбырлатып суару құралдарымен қамти алады.

Су үнемдеу технологияларын енгізудің пайдасы орасан. Мысалы, ағын суды 2 есе аз жұмсайсыз. Өнім 2–3 есеге дейін артады. Қазірдің өзінде облыстағы 114 мың гектар жер осы технологияға көшіп қойған.
Үкімет бұл бағытқа бей-жай қарап отырған жоқ. 2026 жылға республикалық бюджеттен 31,3 млрд теңге бөлінді. Бұл ақша Мақтаарал, Жетісай және Шардара аудандарындағы жұмыстарды жандандыруға жұмсалмақ. Әр ауданда 8 мың гектардан жаңа жүйелер орнатылады.

Облыс жыл сайын кемінде 50 мың гектарды жаңа технологиямен жабдықтауды көздеп отыр. Алдағы уақытта құны 6 млрд теңге болатын тағы 2 кәсіпорын іске қосылмақ. Бұл трансшекаралық суға тәуелділікті азайтып, шаруалардың еңбегін жеңілдетудің ең төте жолы.
Түркістан облысы осылайша тек егін егумен ғана емес, заманауи аграрлық технологиялар орталығы ретінде де республикада көш бастап тұр.



