
Созақ даласында өткен «Шахмат керуені» республикалық турнирі қызып жатқан. Жүздеген ойыншы, сан түрлі тағдыр. Бірақ көпшіліктің ішінен бір топ ерекше көзге оттай басылды. Олар үстеріне бірдей жасыл форма киген, сап түзеген жас шахматшылар мен олардың сабырлы кейіптегі тәлімгері еді.
Осы бір жинақы топтың «командалық рухы» мені қызықтырып, жақынырақ танысуға жетеледі. Сөйтсем, бұл жай ғана топ емес, Сызған ауылының намысын арқалап келген нағыз зияткерлік мектеп екен. Ал оның бастауында 60 жастағы журналист, қоғам белсендісі Сағындық Абызов тұр.

Мыңға жетер-жетпес тұрғыны бар Сызған ауылында зәулім спорт кешендері жоқ. Бірақ Сағындық ағаның өз үйі бар. Ол кісі өз шаңырағының бір бөлмесін шахмат сыныбына айналдырып, 12 баланы баулып отыр. Мұндағы ең кішкентай ойыншы небәрі 4 жаста. Ол әлі мектеп табалдырығын аттамаса да, шахмат тақтасындағы стратегияларды 16 жастағы бозбалалармен бірге талқылайды.

Тәлімгердің басты мақсаты айқын, осы аядай ғана ауылдан шыққан балалардың арасынан ертеңгі күні ел намысын қорғайтын болашақ чемпиондарды тәрбиелеп шығару.

Сағындық аға өмір бойы қаламымен қоғамның түйткілін жазып, шындықты іздеген жан. Алайда, бір күні ол тек жазу аз екенін, өскелең ұрпақтың санасына сәуле шашатын нақты іс керегін түсінген. Содан бері ол тек журналист емес, ауыл балаларының бас бапкері.

«Қоғамға қызмет ету керек деп санаймын. Мүмкіндігінше қолымнан не келеді, соны жас ұрпаққа үйретуді парыз санадым. Солай ауылдың ішінен шахмат мектебін ашып, балаларды жарысқа дайындауға кірісіп кеттім», – дейді Сағындық аға.
Сызғандағы бұл «шахмат ордасының» жұмысы ауыл өміріне серпін берді. Тұрғындар балаларының телефонға телмірмей, логикалық ойлау қабілетін дамытып жатқанына дән риза. Тіпті 4 жасар бүлдіршіннің шахмат фигураларын еркін жылжытып, жүрістерді талдауы ұстаздың еңбегінің жемісі.

Біз жиі «ауылда жағдай жоқ» деп шағымданамыз. Ал Сағындық Абызов ештеңе күтпей, жағдайды өзі жасаған адам. Ол үшін шахмат жай ғана ойын емес, ауыл баласының ақыл-ойын шыңдап, үлкен әлемге жол ашатын құрал.

Бүгін олар Созақтың төрінде жасыл формасымен жарқырап жүрсе, ертең әлемдік аренада Қазақстанның атын шығаратынына сенім кәміл. Өйткені, нағыз чемпиондар осындай қарапайым, бірақ ниеті түзу шаңырақтардан шығады.



