Басты жаңалықтар

Өмірлік гамбит: Шахматты қылмыскерден үйренген ақсақал

Түркістан төрінде өткен «Senat Open» турнирінде 72 жастағы ақсақалдың ойын өрнегіне тәнті болмаған жан қалмады. Леңгірлік ІІМ ардагері Әбілқасым Ерімбетов тек жүлделі үшінші орынды иеленіп қана қоймай, өзінің феноменалды тағдырымен ерекше. Тіпті оның өмір жолы кез келген голливудтық драмадан асып түсетін шытырман оқиға десек те болады. Бүгін turkistanlife.kz сіздерге нағыз шахмат фанатының портретін ұсынбақ.

Нағыз «ұстаздар» тордың ар жағында болды

Көптеген гроссмейстерлер шахмат тақтасын әліппеден бұрын танып, 5-6 жасында алғашқы маттарын қойып үлгереді. Ал Әбілқасым ата бұл зияткерлік әлемнің есігін 17 жасында, оң-солын таныған шақта ғана ашқан. Содан бері шахмат ол үшін жай ғана ермек емес, бүкіл болмысын баурап алған ұлы құштарлыққа айналды.

«Мен бұл өнерді кеш, 17 жасымда барып өз бетімше меңгердім. Содан ба екен, көкейімде бір өкініш басым. Егер мені 3 жасымнан бастап баптағанда, бәлкім, бүгінде әлемдік додаларда ел намысын қорғаған кәсіби шахматшы болар ма едім? Осы ой мені әлі күнге дейін мазалайды», — дейді ақсақал.

Бастапқыда әуесқойлықпен басталған қызығушылық кейін нағыз азартқа ұласып, оның өмірінің ажырамас бөлігіне айналған. Әбілқасым Жолдасұлы үшін шахмат тек фигуралардың қозғалысы емес, жіберіп алған мүмкіндіктер мен әлі де бағындырғысы келетін белестердің символы іспетті.

Бірақ ең қызығы, шахматқа деген әуесқойлық кейінірек, ол кісі ішкі істер саласында, түзеу мекемесінде қызмет етіп жүргенде басталған. Ол қатал әрі суық қабырғаның арасынан өзі үшін нағыз зияткерлік казына тапты.

«Кезекшілікте отырғанда кітапханадан шахмат оқулықтарын ақтарып, теорияны өздігімнен зерттедім. Бірақ теорияның аты теория, маған мықты қарсылас керек еді. Сөйтсем, нағыз шеберлер мен күзетіп тұрған жандардың арасында екен», —деп еске алады.

Тағдырдың тәлкегімен жазасын өтеушілердің ішінде кезінде Алматының жоғары шахмат мектептерінде дәріс алған, білімі терең, зиялы азаматтар аз болмаған. Темір тордың екі жағында тұрса да, оларды ортақ мүдде шахмат тақтасы біріктірді.

«Олар менің алғашқы әрі ең қатал ұстаздарым болды. Бір жүріс қателессең, аямайтын. Сол жерде жүріп мен комбинацияларды есептеуді ғана емес, адам психологиясын оқуды үйрендім. Тордың ар жағынан тапқан сол білім мені кейін үлкен ареналарға алып шықты», — дейді ақсақал.

Әбілқасым атаның айтуынша, оған шахматтың қыр-сырын үйреткен жандардың тағдыры сан алуан. Олардың көбі кезінде ауқатты отбасында өскен, ерке болып ержеткен байдың жалғыз ұлдары еді. Алайда, өмірдің тепе-теңдігін сақтай алмай, ішкілік пен есірткінің арбауына түсіп, тағдыр тәлкегімен темір тордың ар жағынан бір-ақ шыққандар.

 

«Олардың басынан бағы тайғанымен, білімі мен санасы сау еді. Тәні тұтқында болса да, шахматтағы шеберліктері мен жүрістерін еш ұмытпаған. Қанша жерден қиын жағдайға тап болса да, зияткерлік деңгейлерін сақтап қалған. Соның арқасында олар мен үшін керемет ұстаз бола алды», — дейді ардагер.

Ақсақалдың бұл сөздерінен бүгінгі жастарға деген үлкен ескертуді де байқауға болады. Білім мен талантты дұрыс арнаға бағыттамаса, кез келген биіктен құлдилау сәт қана екенін ол өз көзімен көрген. Бұл «түрме академиясы» оған тек шахматты ғана емес, өмірдің қатал шындығын да үйретті.

«Тыңшы емессің бе?»: Карпов пен Каспаровпен жолығу

Кейіпкеріміздің шахматқа деген құштарлығы оны 1985 жылы КСРО-ның қақ ортасына Мәскеуге жетеледі. Ол кезде бүкіл әлем Карпов пен Каспаровтың арасындағы тарихи жекпе-жекті демін ішіне тартып бағып отырған еді. Әбілқасым ата сол атмосфераны өз көзімен көру үшін тәуекелге бел байлады.

Мәскеуде билет табу мүмкін емес еді. Кассада 1 сом 80 тиын тұратын билеттер қолдан-қолға 50 сомға өтіп жатты. Ол кезде бұл  бір айлық жалақының тең жартысы. Бірақ мен үшін ақша емес, сол жердегі рух маңызды болды. Сәтін салып, бір қандасымыздың көмегімен ішке еніп, аңыз адамдардың ойынын көргенде, өзімді әлемнің ең бақытты адамындай сезіндім.

Алайда, елге оралғанда оны қошемет емес, суық тергеу мен күдікті көзқарастар күтіп тұрды.

«Келгеннен кейін жан-жақтан қысым басталды. «Сені танымайтын, тіпті бар-жоғыңнан хабары жоқ қайдағы бір шахматшылар үшін Мәскеуге ұшып, сонша ақша шашу ақылға сыймайды. Сені біреулер жіберген жоқ па? Тыңшы емессің бе?» деп тергеген сәттері де болды», — деп еске алады ақсақал.

Ол заманда Мәскеуге аттану қазіргідей оңай емес еді, ал ішкі істер саласында қызмет ететін адамның мұндай «оғаш» әрекеті күдік тудырмай қоймады. Әріптестері оның шахматқа деген таза махаббатын түсіне алмады. Бірақ Әбілқасым Жолдасұлы үшін сол залдағы атмосфера, қос аңыздың ойын мәнері мен зияткерлік рух кез келген тергеуден де, кез келген сомадан да биік болатын.

Дин Лижэнь ұсынысы

Араға жылдар салып, 2023 жылы Әбілқасым ата тағы да шахматтан Әлем чемптонатын көру үшін Астанаға барады. Елорда саябақтарының бірінде серуендеп жүріп, орындықта жалғыз отырған қарапайым жігітті көреді. Жүзі таныс. Жақындап барып: «Дин?» – деп сұрайды. Бұл шынымен де әлемдік шахмат тәжін иеленуге келген атақты гроссмейстер Дин Лижэнь еді.

«Қасына барып есімін атап едім, жалт қарады. Жүзінен жылылық есіп тұр екен. Әйелін шақырып алып, екеумізді суретке түсіртті. Сосын аудармашы арқылы біраз шүйіркелестік. Осыншалықты атағы жер жарған адамның тым қарапайымдылығына таңғалдым», – дейді ақсақал.

Әлем чемпионы қазақ қариясының шахматқа деген құштарлығына тәнті болса керек, оны құшақтап, ерекше құрмет көрсеткен. Тіпті, болашақтағы халықаралық жарыстарына арнайы қонақ ретінде шақырып, барлық жол шығынын өз мойнына алуға уәде беріпті.

Зейнетке шыққан соң Әбілқасым ата қарап отырмай, спорт мектебінде жүздеген баланы тәрбиеледі. Оның шәкірттері бүгінде Мәскеу мен Грекия төрінде топ жарып жүр. Қазір де Леңгірдегі қарадомалақтарға шахматты тегін үйретуден жалықпайды.

 «Қазіргі жастар телефонға телміріп, өмірдің нағыз қызығын жоғалтып жатыр. Қиындыққа төзімсіз. Ал шахмат адамды шыдамдылыққа, әр қадамын есептеуге үйретеді. Бұл спорт — менің қарттығымды серпілтетін, өміріме мән беретін басты ісім», – деп түйіндеді сөзін кейіпкеріміз.

Әбілқасым Жолдасұлының тағдыры – адамның рухы кез келген кедергіден биік екенінің дәлелі. Ол күзетші болып жүріп терең білім жинады, қарапайым зейнеткер бола тұрып әлем чемпионының құрметіне бөленді. Бүгінде ол тек шахмат фигураларын ғана емес, жас ұрпақтың санасын қозғап, оларды биік мақсаттарға жетелеп келеді. Шахмат тақтасындағы ойын аяқталар, бірақ атаның өмір мектебі мен өнегелі жолы Леңгірдің әрбір қарадомалағы үшін әлі талай жеңістерге жол ашары сөзсіз.

Ғалия Бисейіт

Басқа жаңалықтар

Back to top button