Қазақстанда алғаш рет: Түркістанда EKOS технологиясымен күрделі ота сәтті жасалды

Түркістанда медицина саласында тарихи жаңалық тіркелді. Қалалық орталық ауруханада елімізде алғаш рет EKOS тамырішілік ультрадыбыстық тромболизис технологиясы қолданылып, жоғары деңгейдегі күрделі ота сәтті өтті, деп хабарлайды turkistanlife.kz

Аталған ота Алматы қаласындағы Artven клиникасының тамыр хирургы, PhD Азимбаев Ғалимжан Сайдуллаұлы және Түркістандық ангиохирург дәрігерлердің қатысуымен ұйымдастырылған шеберлік сабағы аясында жүзеге асырылды. Бұл тәжірибе өңірлік медицинаға заманауи әдістерді енгізіп, жергілікті мамандардың біліктілігін арттыруға зор мүмкіндік берді.

Науқас ауруханаға өте ауыр жағдайда жеткізілген. Жас жігіттің мықын венасынан бастап оң жүрекшеге дейін таралған ауқымды тромбтық массалар анықталған. Бұл қан айналымының күрт бұзылуына, жүрекке түсетін жүктеменің артуына және оның қызметінің әлсіреуіне әкелген. Сонымен қатар, тромбтардың үзіліп кетіп, өкпе немесе басқа да өмірлік маңызды ағзаларға түсу қаупі жоғары болған.
Асқынулардың алдын алу үшін дәрігерлер баллонды технологиямен үйлестірілген заманауи әдіс — тамырішілік ультрадыбыстық тромболизис қолданды. Процедура барысында тромб ішіне арнайы вибрациялық катетер енгізіліп, ол тромбты механикалық түрде ұсақтап, дәрілік заттардың тиімді әсер етуіне жағдай жасайды. Сонымен бірге, катетер арқылы қысыммен енгізілген тромболитикалық препарат тромбтарды ерітуге мүмкіндік береді.
Осындай кешенді тәсіл қысқа уақыт ішінде қан тамырларының өткізгіштігін қалпына келтіріп, өмірге қауіп төндіретін асқынулардың алдын алуға жол ашады.

Қазіргі таңда науқастың жағдайы дәрігерлердің тұрақты бақылауында. Ем нәтижесінің алғашқы бағасы процедурадан кейін 10–12 сағат ішінде жүргізілмек.



